Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"20 жылдан бері террориспін": Никаб киген қазақстандық қыздардың стримі үш әкімшілік іспен аяқталды

сот
Фото: Видеодан скрин

Атырауда екі әйел желіде тікелей эфирде отырып, орынсыз сөйлегені үшін полиицяға жеткізілді. Оларға қатысты үш әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде екі әйелдің тікелей эфир кезіндегі видеосы тарады. Олар эфир барысында арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер жасайды. Бұл жазбалар желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Полиция қызметкерлері екі әйелді де басқармаға жеткізген.

“38 және 39 жастағы екі әйелдің жеке басы анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Оларға қатысты үш әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалды. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату және адамның жеке басын тануға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша материал рәсімделді”, – деп хабарлады полиция.

Құқықбұзушылыққа қатысты материалдар сотқа жолданды.

Бұдан бөлек, әйелдермен теолог профилактикалық әңгіме жүргізді. Кездесу барысында оларға заң талаптары мен қоғамдық тәртіп ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар мұндай құқықбұзушылықтарға жол беруге болмайтыны ескертілді.

Атырау облысының полиция департаменті тікелей эфир кезінде жасалған әрекеттер үшін де заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. 

Айта кетейік, былтыр 30 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салатын заңға қол қойған еді. Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда бетті тұтас жауып тұратын балаклава, никаб, бетперде және өзге де киімдерді киюге болмайды. 

Қандай киімдерді киюге рұқсат?

Бетті толық жаппайтын діни киімдерге шектеу қойылмайды. Атап айтқанда, хиджаб, шейла, химар және әл-амира киюге болады.

андай жағдайда бетті жабуға болады?

Заңда бірқатар ерекшелік қарастырылған. Мысалы:

  • суық ауа райында шарфпен немесе орамалмен бетті жабуға;
  • медициналық көрсетілім бойынша маска тағуға;
  • жұмыс кезінде респиратор, противогаз сияқты қорғаныш құралдарын пайдалануға;
  • спорттық және мәдени іс-шараларда (әртістер мен аниматорлар үшін) бетті жабуға рұқсат етіледі.

Тыйымды бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

Ережені алғаш рет бұзған адамға ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанса, 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 08:51