Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктер депозит мөлшерлемесін төмендетті: қайсысында пайыз жоғары?

депозит
Фото: Pexels

Қазақстандағы бірнеше банк қазан айында теңгедегі депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Соған қарамастан, кейбір банктерде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 %-ға дейін жетеді. Қазір ең жоғары ұсыныстардың бірі Bereke Bank-те сақталып отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қазан айының қорытындысы бойынша, Home Credit Bank, Еуразиялық банк, ForteBank, Банк ЦентрКредит және Kaspi депозиттерінің мөлшерлемесін азайтқан. Ал бірқатар банктер пайыздық шарттарын өзгертпеген.

Қай банкте депозит пайызы жоғары?

Қазір үш айлық депозиттер бойынша ең жоғары ұсыныстардың бірі – Bereke Bank-те. Мұнда алғашқы айда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 % болса, екінші және үшінші айларда 19 %-ды құрайды.

Өзге банктердегі ұсыныстар мынадай:

  • Altyn Bank – 19,56%;
  • Freedom Bank – 19,5%;
  • KMF – 19,46%;
  • Нұрбанк – 19,02%;
  • Home Credit Bank – 19%;
  • Еуразиялық банк – 18,85%;
  • Bank RBK – 18,6%;
  • ForteBank – 18,2%;
  • Банк ЦентрКредит – 18,04%;
  • Kaspi – 18%.

Бұдан бөлек, БНК Банк 3-24 ай мерзімге 17,93%, Алатау қалалық банкі алты айға 17,81%, Halyk Bank үш айға 17,75%, ВТБ үш-алты айға 15,3%, ал Заман-Банк үш айға 14,5% ұсынады.

Қай банктер депозит пайызын төмендетті?

Қазан айында бірнеше банк депозит мөлшерлемесін азайтты.

Мәселен, Home Credit Bank-те үш айлық депозиттің мөлшерлемесі 19,6%-дан 19%-ға түсті. Еуразиялық банкте 19,23%-дан 18,85%-ға, ForteBank-те 19,1%-дан 18,2%-ға төмендеді.

Банк ЦентрКредит үш айлық депозит бойынша мөлшерлемені 18,86%-дан 18,04%-ға, Kaspi 19%-дан 18%-ға түсірді.

Ал БНК Банкте 3-24 айлық депозиттің мөлшерлемесі 19,51%-дан 17,93%-ға дейін азайған.

Сонымен бірге Bereke Bank, Altyn Bank, KMF, Freedom Bank, Нұрбанк, Bank RBK, Алатау қалалық банкі, Halyk Bank, ВТБ және Заман-Банк пайыздық мөлшерлемелерін өзгертпеген.

Депозит ашқанда нені ескеру керек?

Банктер ұсынатын жоғары пайызға ғана қарап шешім қабылдамаған жөн. Себебі депозиттердің шарттары әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, кейбір банктер депозит ашу үшін ең төменгі бастапқы соманы талап етеді. Басқаларында шотта белгілі бір мөлшерден төмен түспейтін ақша қалуы керек. Сондықтан депозит таңдағанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен қатар, оның мерзіміне, ең төменгі салым сомасына, ақшаны мерзімінен бұрын алу шарттарына және сыйақыны есептеу тәртібіне назар аудару қажет.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – депозиттің табыстылығын жылдық есеппен көрсететін көрсеткіш. Ал салым үш айға ашылса, көрсетілген пайызды үш айда толық көлемде аласыз деген сөз емес. Нақты табыс депозитте жатқан ақша көлемі мен мерзіміне байланысты есептеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың несиелері мен депозиттері де ескерілетіні хабарланған еді.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 10:24