Қазақстандық атақты балуандар допинг дауына байланысты екі жылға жарыстардан шеттетілді
Қазақстандық балуандар Нұрсұлтан Садық пен Сабина Төрей допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін екі жылға спорттық жарысқа қатысу құқығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық антидопинг орталығының ресми тізімінде екі балуанның да есімі бар.
Орталық мәліметінше, Нұрсұлтан Садықтың допинг-сынамасынан кломифен анықталған. Осыған байланысты ол 2026 жылы 22 қаңтардан 2028 жылы 21 қаңтарға дейін жарыстарға қатыса алмайды.
Ал Сабина Төрейдің сынамасынан сибутрамин атты тыйым салынған зат табылған. Ол 2026 жылы 4 тамыздан 2028 жылы 3 тамызға дейін спорт жарыстарынан шеттетілді.
Нұрсұлтан Садықтың спорттағы жетістіктері
Нұрсұлтан Садық 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Ол 2024 жылы Таразда өткен Қазақстан кубогында жеңіске жетті. Сонымен қатар республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.
Сабина Төрейдің спорттағы жетістіктері
Сабина Төрей жастар арасында қыздар күресінен өнер көрсеткен. Ол 2025 жылы ересектер арасындағы Қазақстан кубогында қола медаль иеленді.
2026 жылы Таразда өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, Түркияда өткен CHAMPIONS халықаралық жастар турнирінде де жүлдегер атанды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызының Азия ойындары кезінде тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталғаны туралы жазған едік. Сынама 2026 жылы 27 қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында жарыс кезіндегі допингке қарсы бақылау аясында алынған. Тексеру Азия Олимпиада кеңесінің (OCA) басшылығымен жүргізілген. Спортшының сынамасынан дростанолон анықталған. Бұл — тыйым салынған синтетикалық анаболикалық стероид. Осыған байланысты Аяна Болатбекқызы жарыстардан уақытша шеттетілді.
Фельдшерден қандықол қылмыскерге дейін: Өскеменді үрейде ұстаған Сергей Яровой деген кім
