Азия ойындарында қазақстандық желаяқтың допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылды
Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызының Азия ойындары кезінде тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Халықаралық тестілеу агенттігіне (ITA) сілтеме жасап хабарлайды.
Сынама 2026 жылғы 27 қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында жарыс кезіндегі допингке қарсы бақылау аясында алынған. Тексеру Азия Олимпиада кеңесінің (OCA) басшылығымен жүргізілген.
Спортшының сынамасынан дростанолон анықталған. Бұл — тыйым салынған синтетикалық анаболикалық стероид. Осыған байланысты Аяна Болатбекқызы жарыстардан уақытша шеттетілді.
Спортшы бұл шешімге Спорттық арбитраж сотының допингке қарсы бөлімінде (CAS ADD) шағымдануға және B сынамасын тексеруді сұрауға құқылы.

Аяна Болатбекқызы кім?
19 жастағы Аяна Болатбекқызы 2006 жылғы 5 қарашада Жетісу облысында дүниеге келген. Ол орта қашықтыққа жүгіруден жарыстарға қатысады.
Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында 1500 метрге жүгіруден сынға түсіп, финалға жолдама алған. Шешуші жарыста 11 спортшының арасында оныншы орын иеленген.
Спортшының өзі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы әзірге оқиғаға қатысты пікір білдіруге дайын емес екенін жеткізді.
Айта кетейік, осы Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның да нәтижесі жойылған еді. Ол спорттық жүрістен марафонда бірінші болып мәреге жеткенімен, аяқкиімі рұқсат етілген үлгілер тізімінде болмағандықтан, алтын медальдан айырылды.
"Жай мектепке қабылдамайды": Алматыда 200-ден астам ерекше бала тегін оқу мүмкіндігінен айырылу алдында тұр