Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақ аруы – 2026” байқауында алматылық Асылым Өтепберген жеңіске жетті

Асылым Өтепберген
Фото: Instagram.com/qazaq_aruy_official

Алматыда өткен "Қазақ аруы – 2026" ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды. Биыл бас жүлде 20 жастағы алматылық Асылым Өтепбергенге бұйырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша Асылым Өтепберген 17 164 дауыс жинап, қарсыластарынан оқ бойы озып шықты.

Ал екінші орынды 10 480 дауыс жинаған Қостанай қаласының өкілі Әйгерім Қайпен иеленді. Үздік үштікті 4 499 дауыс алған шымкенттік Сымбат Әбубәкір түйіндеді.

Асылым Өтепберген кім?

Байқау жеңімпазы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде белсенді болып, блог жүргізеді. Оның Instagram парақшасына 30 мыңнан астам адам жазылған.

Жеңімпазға бас жүлде ретінде дизайнер Аида Кауменованың сән үйінде арнайы тігілген шапан жабылды. Сондай-ақ шетелге саяхаттауға жолдама табысталды.

Айта кетейік, биыл ұлттық байқауда еліміздің әр өңірінен келген 22 ару бақ сынады. Ақтық кезең күні кеше, 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында өтті. Байқауды продюсер Баян Алагөзоваға тиесілі BM Production продюсерлік орталығы ұйымдастырды.

Еске салайық, былтыр "Қазақ аруы – 2025" байқауында Талдықорған тумасы Дария Қуатжан жеңімпаз атанған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 08:07