Сынақ мерзімінде қызметкердің жалақысын азайтуға бола ма: Еңбек министрлігі жауап берді
Қазақстанда жұмысқа орналасу кезінде жұмыс беруші қызметкерге сынақ мерзімін белгілей алады. Оның мақсаты – маманның кәсіби біліктілігін және атқаратын қызметіне сәйкестігін бағалау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі кезіндегі қызметкердің құқықтарын түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер келісімшартта мұндай талап болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданған болып есептеледі.
Сынақ мерзімі қанша уақытқа созылады?
Жалпы ереже бойынша, сынақ мерзімі үш айдан аспауы тиіс. Алайда кейбір лауазымдар үшін бұл мерзім алты айға дейін ұзартылуы мүмкін. Олардың қатарында ұйым басшылары мен орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшылары бар.
Сынақ мерзімінде қызметкердің қандай құқықтары бар?
Еңбек шарты жасалған алғашқы күннен бастап қызметкерге заңнамада көзделген барлық негізгі еңбек құқықтары мен кепілдіктері қолданылады.
Атап айтқанда, сынақ мерзіміндегі қызметкер:
- жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға;
- жұмыс уақыты мен демалыс режимінің сақталуын талап етуге;
- қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуге;
- заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді пайдалануға;
- еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы.
Сынақ мерзіміндегі қызметкердің жалақысын азайтуға бола ма?
Сынақ мерзімінің белгіленуі жалақыны төмендетуге өздігінен негіз бола алмайды. Еңбекақы мөлшері еңбек шартында көрсетіліп, заңнама талаптарына сәйкес болуы керек.
Мысалы, қызметкер үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданса, жұмыс беруші оның жалақысын тек сынақтан өтіп жатқаны үшін өз бетінше азайта алмайды. Еңбекақы мөлшерінің өзгеруі заңды негіздер мен еңбек шартында көзделген талаптарға сай жүзеге асырылуы тиіс.
Сынақ мерзімінен өтпеген қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?
Егер сынақ нәтижесінде жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейтіні туралы қорытындыға келсе, еңбек шарты заңнамада белгіленген тәртіппен бұзылуы мүмкін.
Дегенмен жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзу туралы хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен теріс деп танылғанын нақты көрсетуге міндетті. Яғни қызметкерді ешқандай түсініктемесіз және белгіленген рәсімді сақтамай жұмыстан шығаруға болмайды.

Еңбек шартын мұқият оқып шығу маңызды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының бір бөлігі екенін және осы кезеңде қызметкердің еңбек кепілдіктері күшін жоймайтынын ескертті.
Сондықтан жұмысқа орналасатын азаматтарға еңбек шартына қол қоймас бұрын оның талаптарын мұқият оқып шығу ұсынылады. Әсіресе сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына назар аударған жөн.
Министрлік өз құқықтарын білу қызметкерлерге еңбек заңнамасының бұзылуын дер кезінде анықтап, заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан шетелге жұмыс істеуге баратын азаматтарды есепке алып, бақылап отыратыны туралы жазған едік.
Алматы әкімдігі автобус парктеріне 15 миллиард теңгеден астам қарыз: Автобустар қысқара ма
