Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрлан Сауранбаев көлік министрі лауазымынан босатылды

Сауранбаев
Фото: primeminister.kz

Нұрлан Сауранбаев Қазақстанның көлік министрі лауазымынан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымынан босатылды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі қызметінен босатылғанға дейін саладағы бірқатар мәселеге байланысты Үкімет пен мемлекет басшысы тарапынан сынға ұшыраған еді. Атап айтқанда, шекара бекеттерін жаңғырту, теміржол вокзалдарын дамыту, жолдардың сапасы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы бірнеше рет сыналған.

Сәуір айында премьер-министр Олжас Бектенов Нұрлан Сауранбаев қатысқан кеңесте көлік министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Ол шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту, теміржол вокзалдарын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру қарқынын сынға алды.

19 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жолдардың сапасын сынға алып, шешімін таппаған мәселелер үшін жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

Арада үш күн өткен соң, 22 қыркүйекте Олжас Бектенов "ҚазАвтоЖол" компаниясының жұмысын сынға алып, оның басшылығына қатысты кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін екенін айтты.

28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жолдардың жағдайына қатысты мәселелерге қайта оралып, шенеуніктердің жылдар бойы жауапкершілікті бір-біріне ысырып келгенін сынға алды. 

Ал 3 қарашада Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі қызметінен босатылды. 

Сауранбаевтың қызметтен босатылуының ресми себебі жарияланған жоқ. Сондай-ақ бұл кадрлық өзгерістің президент пен премьер-министрдің бұған дейінгі сынымен тікелей байланысты екені де әзірге белгісіз.

Еске салсақ, Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі лауазымына 2025 жылдың 30 маусымында тағайындалған еді. Кейіннен 2026 жылдың қыркүйегінде жаңадан жасақталған Үкіметте Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі қызметін сақтап қалды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 18:17