Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы ақшасын басқару тәртібі өзгерді

Зейнетақы
Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтар енді зейнетақы жинақтарын бірнеше инвестициялық портфельге бөліп, әртүрлі жеке басқарушы компанияға бере алады. Сонымен қатар жинақтың 100%-ына дейін жеке басқаруға тапсыруға мүмкіндік бар. Жаңа тәртіп салымшыларға ақшасын қалай инвестициялауды өздері таңдауға жол ашады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 30 қазанда зейнетақы активтерін басқару ережелеріне өзгеріс енгізді. Енді инвестициялық портфельді басқарушылар зейнетақы активтері бойынша үш түрге дейін инвестициялық портфель қалыптастыра алады. Бұл салымшыларға өздерінің қаржылық мақсаты мен тәуекелге дайындығына қарай инвестициялау бағытын таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақтың бір бөлігін бір басқарушыға, қалғанын басқа компанияға беруге немесе бір компанияның бірнеше портфеліне бөлуге болады.

 

Зейнетақы ақшасын қалай бөлуге болады?

Бұған дейін әрбір жеке басқарушы ұсынатын инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік болса, енді бір басқарушының өзінде бірнеше портфель болуы мүмкін. Олар инвестициялау тәсілі мен тәуекел деңгейіне қарай ерекшеленеді. Мысалы, салымшы жинағының бір бөлігін тәуекелі төмен портфельге, қалғанын табыстылығы жоғары болуы мүмкін, бірақ тәуекелі де көбірек портфельге орналастыра алады. Сондай-ақ жинағын бірнеше басқарушы компанияға бөліп беруге құқылы.

Жаңа ережеге сәйкес, жеке басқаруға зейнетақы жинағының 100%-ына дейін беруге болады. Бұған дейін 7 қыркүйектен бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер осы мүмкіндікті қарастырған еді.

Жинақ жоғалып кетпей ме?

Жеке басқарушыға берілгенімен, зейнетақы ақшасы салымшының БЖЗҚ-дағы жеке шотында қалады. Оның сақталуы мен есебін банк-кастодиан жүргізеді. Ол қаражаттың белгіленген талаптарға сай орналастырылуын да қадағалайды. Бұған қоса, инвестициялық портфельді басқарушының міндеттемесі сақталады: егер нақты инвестициялық кіріс белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейінен төмен болса, айырмасын басқарушы өз қаражаты есебінен өтеуге тиіс. Дегенмен бұл инвестициядан түсетін табысқа толық кепілдік берілетінін білдірмейді. Салымшы өзі таңдаған инвестициялық стратегияның тәуекелін ескеруі керек. Сондықтан басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның инвестициялық саясатын, бұрынғы кірістілігін және тәуекел деңгейін салыстырған жөн.

Жеке басқарушылар қанша зейнетақы ақшасын игеріп отыр?

Қазір Қазақстанда зейнетақы активтерін алты инвестициялық портфельді басқарушы компания басқарады. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруындағы қаражат көлемі 205,8 миллиард теңгеге жеткен.

Жыл басынан бері бұл сома 117,3 миллиард теңгеге немесе 132,7 пайызға өскен.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа өзгерістер жеке басқарушылар арасындағы бәсекені күшейтіп, зейнетақы активтерін басқару икемділігін арттырады деп күтеді. Нәтижесінде ұзақ мерзімді инвестициялық кірістілікті көтеруге мүмкіндік туады.

Айта кетейік, бұған дейін адам қайтыс болғаннан кейін оның зейнетақы жинағын кім алатыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 16:49