Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді
2027 жылдан бастап зейнетақы жинағына қатысты мемлекеттік кепілдік тәртібі өзгереді. Осыған байланысты қазақстандықтар ақшасын сақтандыру компаниясына аударып, ерте зейнетке шыға ала ма? Stan.kz тілшісі зейнетақы аннуитетінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін сарапшымен бірге талдады.
Зейнетақы аннуитетін қай жастан рәсімдеуге болады?
Зейнетақы аннуитеті белгілі талаптарға сай азаматтарға мемлекеттік зейнетақы жасына жетпей сақтандыру компаниясынан төлем алуға мүмкіндік береді. Ол үшін адамның зейнетақы жинағы аннуитет шартын жасауға жеткілікті болуы керек.
2026 жылы қолданыстағы талаптар бойынша:
- шұғыл аннуитет ерлерге 55 жастан, әйелдерге 53 жастан қолжетімді;
- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген кейбір қызметкерлер төлемді 50 жастан ала алады;
- кейінге қалдырылған аннуитетті жеткілікті жинағы бар азаматтар 45 жастан, ал тиісті кәсіптік жарна талаптарына сай қызметкерлер 40 жастан рәсімдей алады. Бірақ бұл жағдайда төлем бірден басталмайды.
Зейнетақы аннуитеті дегеніміз – азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасында жасалатын шарт. Адам зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударады. Оның орнына компания келісімшартта көрсетілген тәртіппен өмір бойы төлем жасауға міндеттенеді.
“Зейнетақы аннуитеті – бұрынғы мемлекеттік кепілдікке балама емес. Бұл басқа міндетті шешетін сақтандыру өнімі: өмір бойы тұрақты табыс алу”, – дейді қаржы сарапшысы, QazExpertClub сарапшысы әрі EconomiQ Telegram-арнасының авторы Венера Жаналина.
Аннуитеттің басты артықшылығы – адамның жинағы таусылып қалса да, сақтандыру компаниясы шартқа сәйкес өмір бойы төлем жасай береді. Алайда аннуитетке аударылған ақша бұдан былай адамның БЖЗҚ-дағы жеке шотында сақталмайды. Сондықтан оны қажет кезде депозиттегідей шешіп алу мүмкін емес.
Аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындау деген сөз емес. Бұл – сақтандыру компаниясынан шарт бойынша төлем алудың бөлек тетігі. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптармен айқындалады.
10 миллион теңгеден 5 миллион теңге алуға бола ма?
Әлеуметтік желіде зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударып, шотында 10 миллион теңгесі бар адам оның 5 миллион теңгесін қолына ала алатыны туралы жазба тарады. Жазба авторы 2027 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаға ешкім жауап бермейтінін айтып, азаматтарды жинақтарын сақтандыруға шақырған. Алайда аннуитет рәсімдегенде бірден төленетін қаражаттың мөлшері сақтандыру компаниясына және келісімшарт талаптарына байланысты. Сондықтан жинақтың жартысын қолма-қол алуға болады деген сөз емес.
Қазақстанның сақтандыру нарығында аннуитет рәсімдеген кезде біржолғы сақтандыру дивидендтерін ұсынатын бағдарламалар бар. Сарапшының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі нарықтық бағдар бойынша мұндай төлем сақтандыру сыйлықақысының шамамен 10%-ын құраған. Мысалы, аннуитетке 20 миллион теңге аударылса, 10% мөлшеріндегі дивиденд 2 миллион теңге болар еді. Бірақ бұл – түсіндіру үшін келтірілген есеп, әр клиентке міндетті түрде төленетін сома емес.
Жекелеген компаниялардың ұсыныстары да әртүрлі. Мысалы, Halyk Life 2026 жылғы наурызда келісімшарты кемінде екі жыл қолданыста болған клиенттерге 11% мөлшерінде дивиденд төлеу бағдарламасын жариялаған.
“Аннуитет рәсімдегенде біржолғы төлем алу мүлде мүмкін емес деу дұрыс болмайды. Бірақ 10 миллион теңге жинағы бар адамға оның 5 миллионын қолма-қол береді деген уәдені нақты ұсынысты зерттемей тұрып расталған ақпарат деп қабылдауға болмайды”, – дейді сарапшы.
Сондықтан азаматтар біржолғы бонусқа ғана назар аудармай, ай сайынғы төлем мөлшерін, оның жыл сайын қалай өсетінін және шартты өзгерту талаптарын да салыстыруы керек.
Аннуитетке аударылған ақшаны кейін қайтаруға бола ма?
Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударғаннан кейін азамат оны кез келген уақытта толық көлемде кері қайтарып ала алмайды. Дегенмен белгілі бір шарттар орындалса, қаражаттың бір бөлігін БЖЗҚ-ға қайтаруға болады.
Әлеуметтік кодекстің 226-бабына сәйкес, аннуитет шарты жасалғаннан кейін кемінде екі жыл өткен соң азамат сақтандыру компаниясына келісімшарт талаптарын өзгерту туралы өтініш бере алады. Мұндай жағдайда сақтандыру төлемдерінің мөлшері азайтылып, қаражаттың бір бөлігі БЖЗҚ-ға қайтарылуы мүмкін. Бірақ шарт өзгергеннен кейін де сақтандыру компаниясы өмір бойы төлем жасау міндеттемесін сақтауы керек. Төлем мөлшері шартты өзгерту күніндегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болмауға тиіс.
“Аннуитетке аударылған бастапқы капиталдың барлығын қайтаруға болады деп түсінбеу керек. БЖЗҚ-ға тек сатып алу сомасының ең төменгі өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етуге қажет бөлігінен асатын сомасы ғана қайтарылуы мүмкін”, – деп түсіндірді сарапшы.
Демек, ақшаның бір бөлігін қайтару мүмкіндігі барлық клиентке бірдей қолжетімді емес. Бұл сол кездегі есеп пен келісімшарт талаптарына байланысты.
Адам қайтыс болған жағдайда жинақ кімге қалады?
БЖЗҚ мен аннуитеттің маңызды айырмашылықтарының бірі – мұрагерлік тәртібі.
Егер азаматтың БЖЗҚ-дағы жеке шотында қаражат қалса, ол заңнамаға сәйкес мұраға қалдырылады.
Ал аннуитетке аударылған ақша сақтандыру компаниясына берілетіндіктен, оны жеке шоттағы жинақ сияқты мұраға қалдыруға болмайды. Дегенмен шартта кепілдендірілген төлем кезеңі қарастырылса, аннуитет иесі қайтыс болған жағдайда сол кезеңнің қалған төлемдері шартта көрсетілген тұлғаларға берілуі мүмкін. Кепілдендірілген кезеңнің ұзақтығы шарттың құны мен ай сайынғы төлем мөлшеріне әсер етеді. Сондықтан аннуитет рәсімдегенде өзіңіз алатын төлемді ғана емес, қайтыс болған жағдайда отбасыңызға қандай төлем қарастырылатынын да анықтаған жөн.
2027 жылдан бастап зейнетақы жинағына қатысты не өзгереді?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік тетігі өзгереді. Бұл өзгеріс 2026 жылғы 11 маусымдағы №306-VIII заңда қарастырылған.
2026 жылдың соңына дейін мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына жинақталған инфляцияны ескере отырып кепілдік береді. Егер азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде оның жинағы инфляция деңгейіне түзетілген жарналар сомасынан аз болса, айырмасы республикалық бюджеттен өтеледі.
Ал 2027 жылдан бастап мемлекет нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналарының сомасына кепілдік беруді жалғастырады. Бірақ бұрынғыдай инфляцияны ескере отырып есептелген айырманы өтеу тәртібі тоқтайды.
“Номинал соманың сақталуы мен ақшаның сатып алу қабілетінің сақталуын ажырата білу қажет”, – дейді сарапшы.
Яғни зейнетақы шотындағы ақша жоғалып кетеді деген сөз емес. Мәселе – сол қаражаттың уақыт өте келе қанша тауар мен қызмет сатып алуға жететінінде.
Сарапшының ресми статистика негізінде келтірген есебіне сәйкес, 2016 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстандағы жинақталған инфляция шамамен 145% болған. 2016 жылы 10 миллион теңге болған ақшаның сол кездегі сатып алу қабілетін бүгін сақтау үшін шамамен 24,5 миллион теңге қажет болар еді.
Сонымен бірге зейнетақы жинақтары инвестицияланады. 2016–2025 жылдары Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтерінің жинақталған инвестициялық табыстылығы шамамен 152,5%-ға жеткен. Осы кезеңдегі инфляция 142,1% болған. Демек, он жылдық кезең қорытындысы бойынша инвестициялық табыстылық инфляциядан жоғары болғанымен, нақты сатып алу қабілетінің өсімі шамамен 4,3% ғана болған.
“2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктің инфляциялық құрамдасын алып тастау жинақтардың міндетті түрде құнсызданатынын білдірмейді. Бірақ инвестициялық табыстылық инфляциядан төмен болса, мемлекет бұрынғы тетік бойынша айырманы өтемейді”, – деп түсіндірді сарапшы.
БЖЗҚ-ның мәліметінше, мемлекеттік кепілдік тәртібінің өзгеруі қордың бақылаусыз қалатынын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару мемлекеттік реттеу мен бақылау аясында қала береді, ал қор азаматтардың жеке шоттарын жүргізіп, жинақтары туралы ақпарат беруді жалғастырады.
Аннуитеттің қандай тәуекелдері бар?
Аннуитет таңдағанда үш негізгі тәуекелге назар аудару қажет.
- Біріншісі – инфляция. 2026 жылы аннуитет бойынша төлемдерді жыл сайын индекстеудің нормативтік мөлшері кемінде 8% болып белгіленген. Алайда инфляция одан жоғары болса, төлем өскенімен, оның нақты сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін.
“Мысалы, инфляция жылына 12% болып, төлемдер 8%-ға өссе, төлемнің номинал сомасы артқанымен, оның нақты сатып алу қабілеті төмендейді”, – дейді сарапшы.
- Екіншісі – өтімділік тәуекелі. Азамат қаражатының едәуір бөлігін сақтандыру компаниясына аударғаннан кейін оны күтпеген шығындарға бірден пайдалана алмайды.
- Үшіншісі – сақтандыру компаниясының қаржылық тұрақтылығы. Сондықтан оның төлем қабілетін, қаржылық жағдайын және шарт талаптарын салыстыру қажет.
Қазақстанда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры бар. Егер сақтандыру компаниясы лицензиясынан айырылса, қор кепілдік берілетін аннуитет шарттары бойынша төлемдердің үздіксіз әрі уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету тетігін іске қосады. Бірақ бұл механизм инфляциядан қорғамайды: бірі сақтандырушының міндеттемелеріне, екіншісі ақшаның сатып алу қабілетіне қатысты.
БЖЗҚ-да қалса, ақша қалай төленеді?
Егер азамат жинағын сақтандыру компаниясына аудармай, БЖЗҚ-да қалдырса, қаражаты жеке зейнетақы шотында есепке алынып, инвестициялануын жалғастырады. Зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде төлемдер белгіленген тәртіппен жүргізіледі және жеке шоттағы қаражат таусылғанға дейін жалғасады.
Бұл тәсілдің артықшылығы – жинақтың жеке есепте сақталуы, инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі және шотта қалған қаражатты заңнамаға сәйкес мұраға қалдыру. Бірақ инвестициялық табыстылық тұрақты болмайды, ал төлем мөлшері жинақ көлемімен шектеледі.
Сарапшы келтірген деректер бойынша, 2025 жылы Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығы 7,43% болған, ал инфляция 12,3%-ға жеткен. Ал 2024 жылы инвестициялық табыстылық 17,84%, инфляция 8,6% болған. Бұл бір жылдағы нәтиже ұзақ мерзімді жағдайды толық көрсетпейтінін аңғартады. 2026 жылғы қыркүйектен бастап азаматтардың міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға толық көлемде сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі кеңейтілді. Салымшы басқарушыны және оның инвестициялық стратегиясын өзі таңдай алады. Дегенмен бұл тәсіл де инвестициялық шығыннан немесе инфляциядан толық қорғайды деген кепілдік емес.
БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға өсіріледі. Аннуитет төлемдері үшін қазіргі талап бойынша индекстеу мөлшері кемінде 8%. Бірақ екі жағдайда да инфляция жоғары болса, төлемдердің сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін.
Еске салсақ, Ұлттық банк 2026 жылғы 23 қазанда базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұған жылдық инфляцияның қатарынан 12 ай бойы баяулауы себеп болған. 2026 жылғы қыркүйекте инфляция 9,3%-ды құрады. Алайда базалық мөлшерлеменің төмендеуі БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының табысы да азаяды дегенді білдірмейді. Жинақтың қанша табыс әкелетіні ақшаның қайда және қандай шарттармен инвестицияланғанына байланысты.
Қай нұсқа тиімді?
Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аудару туралы шешімді тек 2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдік тәртібі өзгеретініне қарап қабылдамаған жөн. Жас және орта жастағы азаматтар үшін тұрақты жарна аудару, инвестициялық стратегияны таңдау және жинақтың нақты табыстылығын бақылау маңызды. Ал зейнетке жақындаған, жеткілікті жинағы бар адамдар БЖЗҚ-да қалу мен аннуитет рәсімдеу нұсқаларын салыстыра алады.
“Жинағы едәуір көп азаматтар үшін аралас тәсіл тиімді болуы мүмкін: зейнетақы қаражатының бір бөлігін өмір бойғы аннуитетке бағыттап, қалғанын БЖЗҚ-да сақтау”, – дейді сарапшы.
Мұндай жағдайда аннуитет өмір бойғы тұрақты табысты қамтамасыз етуге көмектеседі, ал БЖЗҚ-да қалған қаражат инвестициялануын жалғастырып, мұраға қалдыру мүмкіндігін сақтайды.
Аннуитет рәсімдемес бұрын бірнеше сақтандыру компаниясының ұсынысын салыстырып, төлемдердің бастапқы мөлшерін, жыл сайынғы өсімін, кепілдендірілген кезеңін, шартты өзгерту тәртібін және компанияның қаржылық жағдайын тексерген жөн. Болашақ төлемдерді 70, 80 және 90 жасқа дейін есептеп салыстыру да шешім қабылдауға көмектеседі.
Осылайша, 2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктің инфляцияны ескеретін тетігі өзгергенімен, БЖЗҚ-дағы ақша жоғалады деген тұжырым дұрыс емес. Ал аннуитет өмір бойы төлем алуға мүмкіндік бергенімен, жинаққа қол жеткізу мен мұрагерлікке қатысты шектеулері бар. Сондықтан азаматтар асығыс шешім қабылдамай, өз жағдайына сай нұсқаны таңдауы керек.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар зейнетақы жинағын біріктіріп, зейнетке ерте шыға ала ма деген сұраққа жауап берген едік.
Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді