Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 39 миллиард теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек зауыты салынады

дәрі-дәрмек
Фото: Pexels

Алматыда 39 миллиард теңгеден астам инвестицияға жаңа фармацевтикалық зауыт салу жоспарланып отыр. Кәсіпорында халықаралық дәрі-дәрмектер өндірісін жергіліктендіру, алдағы уақытта дәрі жасауға қажетті белсенді фармацевтикалық субстанцияларды да Қазақстанда шығару көзделген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Жоба туралы үкімет отырысында “Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы” басқарма төрағасы Светлана Киль мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа зауыт дәрі өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, халықаралық фармацевтикалық компаниялардың технологияларын Қазақстанға енгізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде елімізде Roche компаниясының онкологиялық ауруларды емдеуге арналған үш препараты – Кадсила, Герцептин және Перьета, сондай-ақ AstraZeneca компаниясының Форсига препараты өндіріледі. Бұдан бөлек, Sanofi компаниясымен вакциналар өндірісін жергіліктендіру туралы келісім жасалған.

40 түрлі дәрі өндірісі жолға қойылады

Инвестициялық келісім аясында Қазақстанда халықаралық патенттелмеген атауы бар 40 түрлі дәріні өндіру жоспарланып отыр. Бұл 12 терапиялық бағыт бойынша 68 өндірістік позицияны қамтиды. Негізгі басымдық онкология мен гематологияға беріледі. Осы екі бағытқа тиісінше 17 және 7 дәрі атауы тиесілі. Алғашқы өндірістерді 2029 жылдан бастап іске қосу көзделген. 2029–2032 жылдары 40 дәрі атауының 23-ін өндіруді игеру жоспарланып отыр. 2030 жылы ревматология, иммунология және өкпе артериялық гипертензиясын емдеу бағыттары бойынша жаңа өндірістер ашылмақ. Сонымен қатар 2032 жылы биологиялық препараттардың алты өндірістік позициясын іске қосу жоспарланған. Оның бесеуі онкологияға, біреуі гематологияға арналған.

Дәрі жасауға қажетті шикізат та Қазақстанда өндірілуі мүмкін

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ.

  • 2030–2033 жылдары дайын дәрілік формаларды шығару, технологияларды беру және толық өндірістік циклді дамыту жоспарланған.
  • Ал 2034–2036 жылдары белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді өндіру көзделіп отыр. Бұл – дәрі құрамындағы негізгі әсер етуші заттар. Оларды ел ішінде шығару Қазақстанның импорттық шикізатқа тәуелділігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Светлана Кильдің айтуынша, халықаралық технологияларды енгізу және білікті мамандар даярлау отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ өндіріс қуатын арттыру қазақстандық дәрілерді шетел нарықтарына шығаруға мүмкіндік бермек.

Еске салайық, Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті кеңейтуге бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін Қарағанды облысында 42,5 миллиард теңгеге тағы бір фармацевтикалық зауыт салу жоспары жарияланған еді. Бұдан бөлек, елде сегіз ірі инвестициялық жоба аясында 494 түрлі медициналық препарат өндіру көзделген.

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар “СҚ-Фармация” сатып алуларына қатысты тексеру жүргізуді талап еткені туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 13:32