Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 6,5 триллион теңгелік ауқымды құрылыс басталады: Қандай нысандар салынады?

жоба
Фото: kolesa.kz

Үкімет әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Қаражат тұрғын үй құрылысына, коммуналдық желілерді жаңғыртуға, ауыз су мен газ жеткізуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында тиісті жоспар жобасын таныстырды. Құжат президенттің “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты Жолдауын жүзеге асыруға арналған. Құжат 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтиды.

Жоспар аясында “Халықтық құрылыс” инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бекітілмек. Оны жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану көзделген.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бөлінетін қаражатқа негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Сонымен қатар жұмыстардың сапасы бақыланады.

“Тұрғын үй құрылысын жалғастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету көзделген”, – деді министр.

Көлік инфрақұрылымы да кеңейеді

2027 жылдың мамырында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған. Ал Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылдың маусымында басталмақ.

2027 жылдың соңына дейін “Бақты – Аягөз” теміржол желісінің құрылысын аяқтау көзделген.

Автомобиль жолдары да салынып, қолданыстағы бағыттар жаңарады. Оның ішінде “Арал – Каспий” және “Көкшетау – Петропавл” трассалары бар.

Бұдан бөлек, барлық автомобиль өткізу бекеттерін толық жаңарту жоспарланған. Жүк тасымалы электрондық құжат айналымына көшіріліп, интеллектуалды көлік жүйесі енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 10:31