Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге алынса, Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді
Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражатқа ауруханалар, перзентханалар, мектептер мен мәдениет нысандарын салу, елді мекендерге ауыз су мен газ тарту көзделген. Алайда осынша қаржының экономикаға құйылуы бағаға, теңге бағамына және Ұлттық қордың болашағына қалай әсер етеді? Stan.kz тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовтан Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлудің экономикаға ықпалы мен ықтимал тәуекелдері туралы сұрады.
6,5 трлн теңге қайда жұмсалады?
Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоспар әзірлеуді тапсырды. “Халықтық құрылыс” деп аталған бастаманы жүзеге асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген.
Президенттің мәліметінше, биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру қажет.
Жоспар бойынша, елде 70-ке жуық медициналық нысан, соның ішінде перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше балаларға арналған спорт залдары салынады. Бұдан бөлек, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Елді мекендерге газ бен ауыз су жеткізу, жолдар мен инженерлік желілерді жаңарту да қарастырылған.

Ұлттық қордан ақша алу экономикаға қалай әсер етеді?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту Қазақстанның экономикалық дамуы үшін маңызды. Сапалы жол, тұрақты электр қуаты, ауыз су мен жылу жүйелері кәсіпкерліктің дамуына және өңірлердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
“Ұлттық қор қаражатын экономиканың өсіміне негіз болатын жобаларға бағыттау – белгілі бір жағдайда орынды шешім. Мұндай инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашуға, бизнестің өнімділігін арттыруға және өңірлер арасындағы экономикалық алшақтықты азайтуға ықпал етеді”, – дейді экономист.
Мәселен, жолы жөнделген ауылдың шаруалары өнімін нарыққа жылдам жеткізе алады. Ал өндіріс орындары үшін электр қуаты мен су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі шығындарды азайтып, жаңа жобаларды іске қосуға жағдай жасайды. Дегенмен, инвестицияның тиімділігі бөлінген қаражаттың көлемімен ғана өлшенбейді. Құрылыс сапасыз жүргізілсе, жоба құны негізсіз өссе немесе нысан нақты қажеттілікке сай келмесе, күтілген нәтиже болмайды.
“6,5 триллион теңге – бұл өте ауқымды қаражат. Сол себепті негізгі мәселе ақшаның көлемінде ғана емес, оның қайда және қандай нәтижемен жұмсалатындығында”, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақов.
Ұлттық қордан ақша бөлінсе, инфляция өсе ме?
Мемлекет экономикаға ірі көлемде қаражат бағыттағанда, оның тауарлар мен қызметтердің бағасына ықпалы етеді. Бірақ бұл инфляция міндетті түрде өседі деген сөз емес. Экономистің түсіндіруінше, Ұлттық қордан бөлінген қаражат теңгеге айырбасталып, ішкі нарыққа түскен кезде құрылыс материалдарына, техникаға және жұмыс күшіне сұраныс артуы ықтимал. Егер өндірушілер мен жеткізушілер бұл сұранысты қажетті көлемде қамтамасыз ете алмаса, бағаға қысым күшеюі мүмкін. Мысалы, бірнеше өңірде құрылыс жұмыстары бір мезгілде басталса, цементке, металлға, құбырларға және арнайы техникаға қажеттілік көбейеді. Сұраныс ұсыныстан асып кеткен жағдайда мердігерлердің шығыны артып, жобалардың жалпы құны да қымбаттауы ықтимал.
“Егер Ұлттық қордан бөлінген қаражат теңгеге айырбасталып, ішкі нарыққа көп көлемде түссе, тұтынушылық сұраныс пен құрылыс саласының сұранысы артуы ықтимал. Ал тауарлар мен қызметтер ұсынысы осы сұранысқа ілесе алмаса, бағаға қысым күшейеді”, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалардың барлығы тұрғын үй құрылысына бағытталмайды. Сондықтан 6,5 триллион теңгенің бөлінуі пәтер бағасы міндетті түрде өседі дегенді білдірмейді. Тұрғын үй құнына ипотекалық сұраныс, жер телімдерінің бағасы, құрылыс компанияларының шығындары және нарықтағы ұсыныс көлемі сияқты басқа да факторлар әсер етеді. Экономист мұндай тәуекелді азайту үшін жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып, ішкі өндірістің мүмкіндіктерін ескеру қажет деп санайды.
Ұлттық қорда қанша ақша қалады?
2026 жылғы 13 қазандағы мәлімет бойынша, қыркүйек айының соңында Ұлттық қордың активтері 66,7 миллиард долларды құрады. Жыл басынан бері қор активтері 4,3 пайызға өскен.
Ал 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге алу жоспарланған. Алайда бұл қаражат бірден жұмсалмайды, бірнеше жыл ішінде кезең-кезеңімен бөлінеді. Сондықтан қордың болашақтағы көлемін бағалағанда тек шығыстарды емес, осы аралықта түсетін кірістерді де ескеру қажет.
Сарапшы шартты арифметикалық есеп жасады, бүгінгі күнмен алғанда доллар бағамын 454,5 теңге, 6,5 триллион теңге шамамен 14,3 миллиард долларға тең болады. Егер осы соманы Ұлттық қордың қазіргі 66,7 миллиард доллар көлеміндегі активтерінен шегерсек, 52,4 миллиард доллар қалады.
Алайда бұл — тек шартты есеп, нақты болжам емес. Өйткені 2029 жылдың соңына дейін қорға мұнай секторынан кірістер түседі, инвестициялық табыс қалыптасады. Сонымен қатар басқа аударымдар мен шығыстар, валюта бағамының өзгеруі де қор активтерінің көлеміне әсер етеді. Сондықтан 2029 жылдың соңында Ұлттық қорда дәл 52,4 миллиард доллар қалады деп айтуға болмайды.
Осы ретте қордан бөлінетін қаражаттың қанша екенімен қатар, оның экономикаға қандай пайда әкелетіні де маңызды. Егер қаражат инфрақұрылымды жаңғыртуға және өндірісті дамытуға тиімді жұмсалса, бұл ұзақ мерзімде экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін.
Ұлттық қордан ақша алу теңгенің құнсыздануына әкеле ме?
Ұлттық қордан қаражат бөлінуі теңге бағамына да ықпал етуі мүмкін. Мұның әсері ақшаның қалай және қандай көлемде жұмсалатынына, валютаны айырбастау тәртібіне және сол кезеңдегі сыртқы экономикалық жағдайға байланысты. Мәселен, қордағы шетел валютасының бір бөлігі теңгеге айырбасталса, бұл валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа әсер етеді. Алайда мұндай операцияның өзі теңге құнсызданады дегенді білдірмейді. Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қаражатты экономикаға кезең-кезеңімен бағыттап, бұл үдерісті Ұлттық банктің ақша-несие саясатымен үйлестіру маңызды.
Сондықтан Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу теңге бағамына нақты қаншалықты әсер ететінін алдын ала кесіп айту қиын. Ол үшін қаражатты игеру кестесі, валюталық операциялардың көлемі және нарықтағы өзге де факторлар ескерілуі керек.
Сонымен қатар теңгенің алдағы жылдардағы бағамына қатысты болжамдарды да ескеру қажет. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында теңге бағамы 440,5 теңгеге дейін нығайған.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, доллардың орташа бағамы 2026 жылы 479 теңге, 2027 жылы 499 теңге, ал 2028 жылы 527 теңге болуы ықтимал.
Дегенмен бұл көрсеткіштерді нақты болашақ бағамы ретінде қабылдауға болмайды. Теңгенің бағамына мұнай бағасы, экспорт көлемі, шетел валютасына сұраныс, Ұлттық қордан жүргізілетін валюталық операциялар және инфляция деңгейі әсер етеді. Егер мұнай бағасы қолайлы деңгейде сақталып, экспорт көлемі өссе, елге түсетін валюталық кіріс артуы мүмкін. Ал сыртқы экономикалық жағдай нашарлап, импорт көлемі ұлғайса немесе мұнайдан түсетін кіріс азайса, теңгеге қысым күшеюі ықтимал. Ұлттық қордан қаражат бөлудің теңге бағамына әсерін бағалағанда, тек бөлінетін соманы емес, оның қандай валютада және қандай мерзімде жұмсалатынын, сондай-ақ сол кезеңдегі экономикалық жағдайды да ескеру қажет.
6,5 триллион теңгенің бәрі Қазақстанда қала ма?
Инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаржының бір бөлігі ел ішінде қалса, екінші бөлігі импорттық тауарлар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Құрылыс барысында жергілікті жұмысшылардың еңбекақысына, отандық компаниялардың қызметіне және Қазақстанда өндірілген материалдарға ақша кетеді. Ал лифтілер, арнайы техника, электр компоненттері мен кейбір жабдықтарды шетелден сатып алу қажет болады. Қаражаттың қанша бөлігі Қазақстанда қалатынын, қаншасы импортқа кететінін нақты есептеу үшін жобалардың құрамы мен отандық өндірістің мүмкіндіктерін ескеру керек.
“Бұл жердегі маңызды міндет – отандық өндірісті барынша тарту. Қазақстанда цемент, металл бұйымдары, құбырлар, кабельдер және басқа да құрылыс өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға нақты тапсырыстар берілсе, инвестицияның ішкі экономикалық әсері де күшейеді”, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Жергілікті өндірушілерге тапсырыс беру қаражаттың ел экономикасына тигізетін пайдасын арттыруға көмектеседі. Дегенмен, отандық өнімнің бағасы, сапасы мен жеткізу мерзімі де ескерілуі қажет. Әйтпесе импортты шектеу құрылыс құнының негізсіз өсуіне әкеледі.
Ұлттық қордың ақшасын жұмсау болашаққа қауіп төндірмей ме?
Ұлттық қор мұнай сияқты қалпына келмейтін табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін жинақтауға және елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан қордың активтерін сақтау мен қазіргі экономикалық қажеттіліктерді қаржыландыру арасындағы тепе-теңдік маңызды.
“Егер қаражат тиімсіз жобаларға жұмсалса, біз ақшаны да жоғалтамыз, болашақ ұрпаққа қажет экономикалық нәтиже де қалдыра алмаймыз. Ал егер сапалы жол, электр қуаты, су жүйесі, өндірістік инфрақұрылым салынса, оның игілігін бірнеше ұрпақ көре алады”, – дейді экономист.
Тағы бір ескеретін жайт – мұнай бағасының өзгеруі. Егер мұнай күрт арзандаса, Ұлттық қорға түсетін кіріс азаяды. Ал қордан ірі көлемде қаражат алу жалғаса берсе, мемлекеттік қаржыға қосымша салмақ түседі.
Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, инфрақұрылымға салынған инвестиция ұзақ мерзімде Қазақстанның мұнайдан тыс салаларын дамытуға көмектесуі керек. Мысалы, сапалы жолдар логистикалық шығындарды азайтып, кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетеді. Ал тұрақты электр қуаты мен инженерлік желілер жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасайды. Мұндай жобалар экономиканы әртараптандырып, болашақта бюджет кірісінің басқа салалардан түсуіне ықпал етеді. Бірақ бұл нәтиже өздігінен қалыптаспайды. Жобалардың экономикалық қайтарымы болуы, ал мемлекеттік шығындар нақты кірістер мен ықтимал тәуекелдерге сай жоспарлануы қажет.
6,5 триллион теңгенің тиімді жұмсалғанын қалай білуге болады?
Қаражаттың тиімділігін бағалау үшін құрылыс жұмыстарының аяқталғаны туралы есеппен шектелуге болмайды. Әр жобаның нәтижесі халықтың өміріне тигізген нақты әсерімен өлшенуі керек. Су құбыры салынса, қанша үйдің таза ауыз суға қосылғаны және желідегі апат санының қаншалықты азайғаны есепке алынуға тиіс. Жол жөнделген жағдайда көлік қатынасына кететін уақыт пен жүк тасымалдау шығындарының өзгерісі бағалануы мүмкін. Ал жаңа аурухана немесе мектеп ашылғанда, оның қанша адамға қызмет көрсететіні және тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді екені маңызды.
Бауыржан Ысқақов жобалардың бюджеті, орындалу мерзімі және құрылыс барысы туралы ақпарат қоғамға ашық болуы қажет деп есептейді. Оның пікірінше, тәуелсіз аудит пен сатып алу рәсімдерін бақылау қаражаттың мақсатсыз жұмсалу тәуекелін азайтуға көмектеседі.
“Нысанның тек пайдалануға берілгені ғана емес, оның қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні тексерілуі тиіс. Мысалы, жаңа су құбырының салынғаны туралы есептен бөлек, қанша үйдің сапалы сумен қамтамасыз етілгені, апат санының азайғаны бағалануы тиіс”, – дейді экономист.
Егер жобаның құны негізсіз өссе, құрылыс сапасына қатысты мәселе туындаса немесе қаражат мақсатсыз жұмсалса, жауапты тұлғалардың жауапкершілігі нақты белгіленуі керек.
Қорыта айтқанда, Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу Қазақстанға инфрақұрылымды жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына мүмкіндік бере алады. Бірақ қаражаттың бөлінуі өздігінен экономикалық өсімге немесе халық табысының артуына кепілдік бермейді. Нәтиже жобалардың қаншалықты дұрыс таңдалғанына, құрылыс сапасына, шығындардың бақылауда болуына және салынған нысандардың ұзақ мерзімде қандай пайда әкелетініне байланысты.
Айта кетсек, Президент 2027 жылды "Жалпыхалықтық құрылыс жылы" деп жариялауды ұсынды.
Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге алынса, Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді