Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді кәсіпкерлерге аккредиттеуден өту жеңілдейді: Қандай өзгерістер енгізілмек

Кәсіпкерлер
Фото: magnific.com

Қазақстанда аккредиттеу рәсімдерін жеңілдетіп, зертханалар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметті жақсарту жоспарланып отыр. Ол үшін кейбір тексерулер қашықтан жүргізіліп, өтініштерді жылдам қарауға арналған Telegram-бот іске қосылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда кәсіпкерлер мен зертханаларға аккредиттеуден өту жеңілдеп, бұл саладағы жұмыстар ашық бола түспек. Осы мәселе 25 қарашада өткен Ұлттық аккредиттеу орталығының кеңесінде талқыланды.

Қазір мамандар елімізде қандай сынақ зертханалары жетіспейтінін анықтап жатыр. Яғни қазақстандық кәсіпорындар қандай өнімдерді тексеру үшін шетелге жүгінетінін зерттемек. Соның негізінде Қазақстанға қандай зертханалар қажет екені көрсетілген арнайы карта жасалады.

Ұлттық аккредиттеу орталығы аккредиттеу кезінде де бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр. Мысалы, кейбір тексерулерді қашықтан өткізу, жабдықтарды фото және видеоға түсіру қолға алынған. Сонымен қатар бағалау кезінде бейнетіркегіш қолдану бойынша 30 келісім жасалған.

Кәсіпкерлердің өтініштері мен сұрақтарына жылдам жауап беру үшін арнайы Telegram-бот та іске қосылды. Алдағы уақытта аккредиттеу жұмыстарын жеңілдету үшін жасанды интеллектіні пайдалану жоспарланып отыр.

Орталық алдағы уақытта үш негізгі бағытқа басымдық бермек: құжат рәсімдеу мен тексеру жұмыстарын жеңілдету, кәсіпкерлерге қолайлы қызмет көрсету және сала мамандарының біліктілігін арттыру.

Жұмыстарға кәсіпкерлердің өзін де тартпақ. Осы мақсатта Ұлттық аккредиттеу орталығы мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Орталық басшысы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, өзгерістерді тек мекеме ішінде шешпей, зертханалар мен кәсіпкерлердің де пікірін ескеру маңызды.

"Аккредиттеу жүйесін жетілдіру жұмыстарын тек орталықтың өз ішінде жүргізумен шектелмеуіміз керек. Бұл процеске зертханаларды, сәйкестікті бағалау органдарын және бизнес өкілдерін де тарту маңызды. Олардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілуі тиіс", – деді Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Айдар Әбілдабеков.

Еске салайық, бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстанда микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу ұсынылып отырғанын жазған едік. Яғни кәсіпкерлерді 2027-2029 жылдары жоспарлы тексерулерден уақытша босату көзделген. Бірақ бұл салық төлеудің қажеті жоқ деген сөз емес. Салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, кәсіпкерлер осы кезеңде салықты дұрыс есептеп, есептілікті уақытында тапсыруы керек. Себебі мораторий аяқталған соң, яғни 2030 жылы, 2027-2029 жылдардағы құжаттар мен салық есептері тексерілуі мүмкін.

Мысалы, кәсіпкер мораторий кезінде салығын дұрыс есептемей немесе есептілікте қате жіберіп, оны түзетпесе, бұл мәселе кейін анықталуы ықтимал. Мұндай жағдайда одан төленбей қалған салықты өтеу талап етіліп, қосымша өсімпұл мен айыппұл салынуы мүмкін. Сарапшы мораторий тексерулерді уақытша шектегенімен, камералдық бақылау сияқты басқа бақылау шаралары жалғасуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан кәсіпкерлер бұл үш жылды салық міндеттемелерін елемеуге болатын кезең деп қабылдамауы керек.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 20:25