Алматыда такси жүргізушісі туристі әуежайдан қалаға жеткізгені үшін 95 мың теңге сұраған
Алматыға Жапониядан келген турист такси жүргізушісінің әрекетіне тап болды. Ол әуежайдан межелі жерге дейін 14 шақырымдық жол үшін 95 мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Оқиғаға Алматы қалалық полиция департаменті де пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық азаматшаның айтуынша, Жапониядан құрбысы келген. Өзі оны әуежайдан күтіп ала алмағандықтан, алдын ала нақты мекенжайын жіберіп, таксиді арнайы сервистер арқылы шақыруға кеңес берген.
Алайда қыздың сөзінше, әуежайда жергілікті такси жүргізушілері туристі күтіп алып, өздерінің ресми такси екенін, жолақы таксометр арқылы есептелетінін және бұл әлдеқайда арзан әрі ыңғайлы болатынын айтып сендірген.
"Ақырында 14 шақырым жол үшін қанша сұрағанын білесіздер ме? 95 мың теңге!" – деп жазды алматылық.
Оның айтуынша, жол шамамен 30 минутқа созылған. Банк күмәнді операцияны байқап, 40 мың теңге алынғаннан кейін транзакцияны бұғаттаған. Ал жүргізуші мұны туристке "жеңілдік жасадық" деп түсіндірген.
Бұдан бөлек, сапар аяқталған соң жүргізуші туристке WhatsApp арқылы хабарласып, жақынырақ танысуды және қаланы тегін аралатып көрсетуді ұсынған.
Алматылық қыз жапондардың әдетте сыпайы, сенгіш әрі ақкөңіл келетінін айтып, құрбысының Қазақстанға алғаш рет жақсы ниетпен келгенін, бірақ осындай жағдайға тап болғанына қынжылысын білдірді.
"Біз қонақжайлық, туризм және Қазақстанның тартымдылығы туралы көп айтамыз. Бірақ мұндай оқиғалар еліміздің имиджіне қалай әсер етеді? Адам елімізге алғаш рет келіп, осындай жағдайға тап болса, енді қайтып келгісі келмеуі мүмкін", – деп жазды ол.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында халықаралық әуежайға келген Жапония азаматына такси қызметінің бағасын негізсіз көтеру туралы жарияланым анықталған.
"Жолаушылардың, оның ішінде шетелдік туристердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы бақылауда. Әлеуметтік желілер мен басқа да арналар арқылы түскен әрбір ақпарат бойынша тиісті шаралар қабылданады", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Тексеру кезінде такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында шетелдік туристен жол ақысын негізсіз көтеріп алған жағдай тіркелген. 2024 жылы үндістандық тревел-блогер Комал Махешвари такси жүргізушісі бастапқыда 1000 теңге деп, межелі жерге жеткенде 77 мың теңге талап еткенін айтқан. Блогер төлеуден бас тартқан соң жүргізуші ашуланып, ақыры ол 30 мың теңге беруге мәжбүр болған. Кейін такси жүргізушісі полицияға бағынбағаны және басқа құқықбұзушылықтары үшін 15 тәулікке қамалған.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді