Қазақстандағы мектептердің біріне оқушылардың ас мәзіріне шұбат қосылды
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының мектеп оқушыларына шұбат беріле бастады. Қараша айынан бастап 25 мектептің бастауыш сынып оқушылары екі аптада бір рет ұлттық сусын ішеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қараша айынан бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің ас мәзіріне шұбат енгізілген. Қазір бастауыш сынып оқушылары сусынды екі аптада бір рет ішеді. Әр балаға 200 грамдық жеке бөтелке беріледі.
Ұлттық сусынды мектеп асханасынан көрген оқушылардың бірі бұл бастамаға қуанышты екенін айтады.
“Қатты қуаныштымын. Себебі шұбаттың құрамында иммунитетті көтеретін витаминдер көп. Мен шұбатты күнде ішкім келеді", – деді 4-сынып оқушысы Әбдірахман Қаныбек.
Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық сусынды оқушылардың тамақтану рационына қосу. Табиғи өнімнің құрамында ақуыз, кальций, фосфор және В тобының дәрумендері бар.
Жаңаөзен мектеп-гимназиясының директоры Күләш Жүгенбаева да бастаманың маңызын атап өтті.
"Ертеден бастап ата-бабаларымыздың сусыны болғандықтан, біздің балаларымыз бұл сусынды ішуге төселген. Қазір күздің соңғы айы, балаларда иммунитет төмен. Қыс басталып жатыр. Бұл шұбатты мектепке әкелген кезде ең бірінші оның сапасына қараймыз. Оның барлығын қарап отыратын арнайы медбикеміз бар, бракераждық комиссиямыз бар", – деп түсіндірді мектеп басшылығы.
Ал оқушыларға ұсынылатын шұбат қайда және қалай өндіріледі? Мамандар өнімнің сапасына ерекше мән берілетінін айтады.
Балаларға арналған шұбат Жаңаөзен қаласындағы сүт зауытында өндіріледі. Шикізат жергілікті шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Түйелердің ветеринарлық құжаттары тексеріліп, сүт зертханалық бақылаудан өтеді.
Мамандардың айтуынша, оқушыларға арналған өнімнің ерекшелігі – ашу деңгейінің төмендігі.
"Мал дәрігерінен анықтамасын бәрін тексеріп, полный неден өткеннен кейін біз тазалығына, затына бәрін лабораториядан өткіземіз. Содан кейін барып қабылдаймыз шаруашылықтардан. Біз қышқылдығына қараймыз. Балаларға қышқылдығын ең төменгі 60%-пен береміз", – деді Жаңаөзен сүт зауытының технологы Шолпан Асанова.
Әзірге ұлттық сусынмен тек Жаңаөзен оқушылары қамтылған. Қазір қала мектептерінде 15 мыңнан астам оқушы шұбат ішіп жүр. Егер пилоттық жоба оң нәтиже көрсетсе, алдағы уақытта ұлттық сусын облыстың басқа аудандарындағы мектеп оқушыларына да ұсынылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларына арналған тамақтану стандартын жаңартқан еді. Жаңа мәзірде газдалған сусындардың орнына итмұрын шырыны, майлы тұздықтардың орнына қаймақ ұсынылып, жылқы еті, көкөніс салаттары мен ұлттық тағамдар енгізілген. Өзгерістер балалар арасында артық салмақ пен семіздіктің алдын алуға бағытталған.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді