Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық банктер алғаш рет 1,5 миллиард долларлық синдикатталған қаржыландыру үшін бірікті

Фото: Halyk Bank

Halyk Bank Қазақстанның банк саласында бұрын-соңды болмаған мәмілені ұйымдастырушы ретінде қатысып, "Алтыналмас АК" АҚ акцияларының бір бөлігін сатып алуға 1,5 миллиард доллар көлемінде синдикатталған қаржыландыру ұсынды. Акциялардың бұл үлесін Central Asia Resources Holding Ltd. жеке компаниясы сатып алады.

Қазақстанда мұндай ауқымдағы мәміле алғаш рет тек коммерциялық банктердің қатысуымен жүзеге асырылып отыр.

Банк синдикатына Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau City Bank, Банк ЦентрКредит және Bank RBK кірді. Қаржыландыру нарықтық талаптар негізінде ұсынылып, оның толық көлемін жабатын кепілмен қамтамасыз етілген. Мәміленің басты ерекшелігі – оған тек коммерциялық банктердің қатысуы. Бұл еліміздің қаржы секторының ірі мәмілелерді жүзеге асыру әлеуетін көрсетеді.

Бес банктің ресурстарын біріктіру қомақты қаржыландыру көлемін қамтамасыз етуге, синдикат қатысушылары арасында тәуекелдерді әртараптандыруға және қаржы институттары арасындағы тиімді ынтымақтастық тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Фото: Halyk Bank

Бұл мәміле Қазақстандағы синдикатталған несиелеу нарығын дамытудағы маңызды кезең болды. Ол банк секторының кемелденгенін, қаржылық тұрақтылығын және экономиканың ірі көлемдегі қаржыландыру қажеттілігін өз күшімен қамтамасыз етуге қабілетті екенін көрсетті.

Синдикатты ұйымдастырушы ретінде Halyk Bank күрделі қаржылық мәмілелерді құрылымдау және ауқымды экономикалық міндеттерді шешу үшін банк секторының ресурстарын шоғырландыру бағытындағы тәжірибесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл мәміленің жүзеге асырылуы Қазақстанда синдикатталған несиелеу тәжірибесін одан әрі дамытуға жол ашады. Сондай-ақ отандық банк жүйесінің ресурстары есебінен ірі бизнесті қаржыландыру және инвестициялық жобаларды қолдау мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 19:11