"Өз өмірім, өз шекарам бар": Жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет гүл шоғымен түскен суретін сынағандарға жауап берді
Танымал блогер әрі жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбеттің бір шоқ гүлмен түскен суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бір топ қолданушы блогердің суретке қалай түскенін сөз етсе, енді бірі бір шоқ гүлге бола адамның жеке өмірін талқылау орынсыз екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрхан Дубайдағы қонақүй бөлмесінде үлкен гүл шоғын ұстап, бірнеше суретке түскен. Блогер суреттерді Instagram парақшасына жариялап, алғыс білдірген. Жазбасының соңына жүрек белгісін қойған.
Жазба Threads желісінде де талқыланды. Кейбір қолданушылар ер адамға гүл сыйлағанына таңғалып, Нұрханның оған неге сонша қуанғанын сұрады.
Енді біреулер оның суретке түскен қалпын келемеждеп, жеке өміріне қатысты жорамал айта бастады.
“Не қуып қуанып тұр гүл алғанына?”, “Менен жақсы сызылып, майысып тұр ғой”, – деп жазды олар.
Алайда блогерді қолдағандар да табылды. Оны көптен бері көріп жүрген оқырмандарының бірі блогердің өз қызметкерлеріне қамқорлық танытып, өзгелерге де қол ұшын беріп жүргенін айтты. Ол жұрттың Нұрханның жасаған жақсылығын елей бермейтініне қынжылды.
“Өте мейірімді, жаны таза адам. Жұрт соны көрмейді ғой, хейт жазғанға дайын тұрады”, – деп жазды оқырман.
Тағы бір қолданушы кімнің гүл алып, қалай суретке түсетіні өз еркінде екенін айтып, блогерді сынағандарға “Не жұмыстарың бар?” деген сауал қойды.

Желідегі талқыдан кейін Нұрхан парақшасында видео жариялап, оқырмандарына жауап берді.
Оның айтуынша, ол әңгіменің осынша өрбігенін таңертең телефонын ашқанда бір-ақ білген. Instagram, Threads пен TikTok-та өзіне қатысты түрлі жазба тарағанын көрген соң, гүлдің қайдан келгенін өзі айтып беруді жөн көріпті.
“Бүгін таңертең тұра сала Instagram-ға кірсем, телефоным жарылып жатыр. Біріңізден біріңіз өтіп, ауыздарыңызға келгенді жазып жатырсыздар. Threads-те, Instagram-да, TikTok-та “Ойбай, Нұрханға гүл келіпті”, “Нұрханның демеушісі бар”, “Нұрхан сатылып жүр”, “Нұрханға гүлді не үшін береді? Бұл ер жігітке тән қасиет емес” деген сөздер тарап жатыр. Құрметті оқырмандар, артық кетсем, кешіріңіздер. Бірақ менің де өз өмірім, өз шекарам бар. Бұл видеоны өзімді қорғау үшін де, ақталу үшін де түсіріп тұрған жоқпын”, – деді ол.
Блогердің сөзінше, Дубайдағы бірнеше құрбысы ол келгенде “Дубайға қош келдің” деп, қонақүйіне гүл шоғын жіберген. Нұрхан интерьер дизайнымен, соның ішінде перде сәндеумен айналысатынын, әдемі дүниелерді ұнататынын айтты. Достары жіберген гүл де көзіне әдемі көрінген соң, үстіндегі үй киімімен суретке түсіп, парақшасына сала салған.
“Гүлді қуанышта да береді, туған күнде де береді”, – деді Нұрхан Нұрмаханбет.
Оның айтуынша, достары осылайша ықыласын білдірген. Ал гүл сыйлауды тек ғашықтар арасындағы сезіммен байланыстырып, бір суретке қарап жеке өмірі туралы жорамал айту көңіліне тиген.
“Мен шығармашылықтың адамымын. Интерьер дизайнымен, соның ішінде перде сәндеумен айналысамын. Әдемілікті жақсы көремін. Бұл гүлді маған Дубайдағы достарым жіберді. “Достарым” дегенде тағы басқаша ойлап қалмаңыздар. Нақтылап айтайын, қыз достарым жиналып, осындай гүл жіберген. “Дубайға қош келдің!” деп жылы лебіздерін білдірді. Мені қыдыртты, қонақүйіме гүл жіберді. Бұл – сыйластықтың белгісі, достар”, – деді ол.
Нұрхан бұл видеоны жұрт мән-жайды өз аузынан естісін деп түсіргенін айтты. Ол оқырмандарынан жеке өміріне құрметпен қарап, өзі туралы негізсіз әңгіме таратпауды сұрады. Парақшасындағы дүниелер ұнамаған адам жазылудан шыға алатынын да жеткізді.
“Мән-жайды білмей жатып, артық кетіп, маған неше түрлі сөз жазып жатырсыздар. Өздеріңізге күнә жинамаңыздар. Әркімнің өз ақылы, өз өмірі бар. Мұны ақталайын деп айтып жатқан жоқпын. Бұл видеоны сіздер түсінсін деген мақсатта түсіріп отырмын. Ешқандай жігітпен жүрмеймін. Бұл гүлді маған жігіт жіберген жоқ”, – деді ол.
Ал өзі достарының сыйын бұдан былай да қуана қабылдай бермек.
Еске салайық, бұған дейін жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаева алтын таққаны хабарланған еді.