Жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаева алтын тақты

Танымал блогер әрі жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет бір кездері өзіне қолдау көрсеткен әншілер Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаеваға алғыс ретінде алтын әшекейлер жиынтығын сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде жеткен жетістігіне себепкер болған жандардың еңбегін бағалап, қуантуды жөн көрген.
“Мені осындай дәрежеге жеткізген екі адамды қуантқым келді. Кішкентай кезімде мені халыққа танытып, еңбегімді көрсеткен Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаева. Екі мамама деп алтын жиынтық алып келдім”, – деді Нұрхан.
Жанар Айжанова кәсіпкердің алғашқы қадамына куә болғанын айтып, сол кездегі естелігін бөлісті.
“Нұрхан кәсібін енді бастаған кезде ең алғаш маған келген еді. Ер баланың үй жинап жүргені қызық көрінді. Сол кезде әлеуметтік желіде жарнамалап бергенмін. Ниетіміз қабыл болған шығар, кәсібі алға басты. Содан бері бір шай ішейік деп жүрсек те, реті келмей жүрген. Бүгін кездесіп, осындай сыйлық жасап жатыр. Рақмет, балам”, – деді әнші.
ОқыңызӨз кезегінде Салтанат Бақаева да бұл жетістікке тек өзінің емес, Алланың қалауымен бір-біріне себепкер болғандарының үлесі бар екенін айтты.
“Нұрхан “сіздің арқаңызда” деп жатыр. Бірақ бәрі Алланың қалауымен болды. Біз тек бір-бірімізге себепкер болдық. Ол маған көмектесті, мен оған қолдау көрсеттім. Сондықтан менің де саған айтар алғысым бар”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрхан Нұрмаханбет кәсіпкерлік жолының қалай басталғанын айтып берген еді. Оның сөзінше, алғаш Алматыға келгенде клининг компаниясында қарапайым қызметкер болып жұмыс істеген. Кейін жалақысын бірнеше ай ала алмай, жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
Сол қиын кезеңде бұрынғы клиенттері жеке тапсырыс беріп жүрген. Солардың бірі – әнші Салтанат Бақаева. Кәсіпкердің айтуынша, әнші оған клинингке қажетті техниканы сатып алуға қаржы ұсынып, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік берген.
Кейін Салтанат Бақаева оны Жанар Айжановамен таныстырған. Нұрхан қажетті құрал-жабдығы болмағандықтан, әншінің үйін қарапайым мақталы таяқшамен тазалап бергенін айтады. Жанар Айжанова оның еңбегін әлеуметтік желіде бөліскеннен кейін кәсіпкерге тапсырыстар көбейіп, кәсібі қарқынды дами бастаған.
Бүгінде Нұрхан Нұрмаханбет табысты кәсіпкерлердің бірі ретінде танылып, кезінде өзіне демеу болған жандарға алғыс білдіруді азаматтық парызы санағанын айтты.
Алматы тұрғының ForteBank депозиттегі ақшасы екі рет ұрланған: Банктің экс-қызметкері ұсталды