Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға жемқорлық туралы хабарлағаны үшін ақша төленеді: Сыйақы алу шарттарын түсіндірілді

жемқорлық, пара
Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтар 2026 жылы парақорлық немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы туралы ақпарат бергені үшін 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға қанша төленеді?

Комитеттің мәліметінше, сыйақы мөлшері құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.

Атап айтқанда:

  • әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін – 29 АЕК (125 570 теңге);
  • онша ауыр емес қылмыс туралы ақпарат бергені үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • орташа ауырлықтағы қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 50 АЕК (216 250 теңге);
  • ауыр қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 70 АЕК (302 750 теңге);
  • аса ауыр қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 100 АЕК (432 500 теңге) төленеді.

Сонымен қатар пара немесе келтірілген залалдың мөлшері 1000 АЕК-тен (4 325 000 теңге) асқан жағдайда, хабар берушіге оның 10 пайызы көлемінде сыйақы беріледі. Алайда төлем мөлшері 4000 АЕК-тен (17,3 миллион теңге) аспауы керек.

Мысалы, пара мөлшері 50 миллион теңге болса, хабар берген адамға 5 миллион теңге (10%) төленеді. Ал 200 миллион теңге пара туралы ақпарат бергені үшін 17,3 миллион теңге беріледі. Себебі бұл жағдайда сыйақы мөлшері белгіленген ең жоғары шекпен шектеледі.

Айта кетейік, 2027 жылы елімізде АЕК 4693 теңге болмақ, сәйкесінше жемқорлық туралы хабарлағандарға берілетін сыйақы мөлшері де көтеріледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін – 136 097 теңге, онша ауыр емес қылмыс туралы ақпарат бергені үшін –187 720 теңге, орташа ауырлықтағы қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 234 650 теңге, ауыр қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 328 510 теңге, аса ауыр қылмыс туралы хабарлағаны үшін – 469 300 теңге төленеді.

ҰҚК мәліметінше, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 61 адам марапатталған. Оларға жалпы 24,2 миллион теңге төленген.

Сыйақыны қалай алуға болады?

Ақша алу үшін алдымен сыбайлас жемқорлық фактісі (пара беру, бопсалау немесе басқа да құқық бұзушылық) туралы хабарлау қажет.

Сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне өтініш беру керек. Ол үшін жеке куәлік пен теңгемен ашылған банк шоты туралы анықтама қажет.

Комиссия өтінішті 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қарайды. Шешім оң болған жағдайда, тиісті бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде ақша өтініш берушінің шотына аударылады.

Кімдерге сыйақы берілмейді?

Жалған ақпарат бергендерге, қылмысты орындаушылар мен сыбайластарына, құқық қорғау органдарымен құпия түрде ынтымақтасып жүргендерге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді.

Оларға ақшалай төлемнің орнына құрмет грамотасы немесе алғыс хат беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін берілетін сыйақы төлеу тәртібі жаңартылған болатын. Біз кімдердің көтермелеу алуға құқығы бар екенін, сыйақы мөлшері неге байланысты екенін және қандай құжаттар жинау керегін жазған едік.

Еске салсақ, Қазақстанда шенеуніктерге жемқорлыққа қатысты мәселелерді жасыру қиындай түспек. Енді шенеуніктер атқарылған жұмыс туралы есеп беріп қана қоймай, қабылданған шаралардың нақты нәтижесін де көрсетуі керек. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 22:56