Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру тәртібі өзгермек: Ішкі істер министрлігі жаңа бұйрықты мақұлдады

ИИН
Фото: gov.kz

Қазақстан ішкі істер министрлігі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру тәртібіне қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасы yормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкі мәлімдеді.

Сайтта Қазақстанда уақытша болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру және түзету қағидаларына енгізілген өзгерістердің мәтіні жарияланды.

Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде қызметкер мынадай әрекеттерді орындайды:

- Қызмет алушының жеке басын сәйкестендіреді.

- Құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын және құжаттардың талаптарға сәйкестігін тексереді.

- ХҚКО ақпараттық жүйесінде өтінім рәсімдейді. ЖСН қалыптастыруға арналған өтінімді толтыру кезінде жүйеге қызмет алушының төлқұжат нөмірі енгізіледі.

"ХҚКО ақпараттық жүйесін "Бүркіт" бірыңғай есепке алу жүйесімен біріктіру арқылы шетел азаматының жеке деректері толтырылады және оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені туралы мәліметтер тексеріледі. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда болу (тұру) заңдылығы халықтың көші-қоны саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен иммигранттардың эталондық деректер базасы негізінде тексеріледі", – делінген бұйрықта.

ЖСН қалыптастыруға арналған өтінімге жеке басты куәландыратын құжаттың және оның нотариалды куәландырылған аудармасының электронды көшірмелері қоса тіркеледі.

Құжаттарды қабылдаған кезде өтініш берушіге тиісті қолхат беріледі. Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

Осылайша, енді шетелдіктердің Қазақстан шекарасынан өткені ғана емес, ел аумағында болу заңдылығы да тексеріледі.

Құжаттарда қате болған жағдайда не істеу керек?

Бұйрықта құжаттардағы қателерді түзету тәртібі де қарастырылған. Егер қызметкер өтініште немесе құжаттарда қателерді, белгіленген талаптарға сәйкессіздікті анықтаса не құжаттар топтамасы толық болмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді жою үшін екі сағат уақыт беріледі.

Егер өтініш беруші белгіленген мерзімде қателерді түзетсе, өтініш берілген күн ретінде оның алғашқы жүгінген күні есептеледі. Ал кемшіліктер уақытында жойылмаса, мемлекеттік корпорация қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тартады.

Айта кетейік, бұйрық биыл 6 желтоқсанда күшіне енеді. Бұған дейін Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН алу рәсімін жеңілдету жоспарланып жатқаны хабарланған болатын.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 21:57