Қазақстанда енді шетелдіктер ЖСН-ді бір күнде онлайн ала алады
Қазақстанда уақытша жүрген шетел азаматтары жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) онлайн рәсімдей алады. Ішкі істер министрлігі бекіткен жаңа тәртіпке сәйкес, өтініш берушінің жеке басы мен елге кіргені тексерілгеннен кейін нөмір бір жұмыс күні ішінде беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің тиісті бұйрығына 2026 жылдың 2 қарашасында қол қойылып, құжат 9 қарашада ресми жарияланды. Пилоттық жоба бір жыл бойы жүзеге асырылады.
Жаңа ереже Қазақстан аумағында уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты. Олар ЖСН алу немесе бұрын берілген нөмірдегі мәліметтерді түзету үшін QazETA мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Өтініштер MAQ цифрлық көші-қон қызметтері платформасы арқылы өңделеді.
ЖСН алу үшін алдымен QazETA қосымшасына тіркелу немесе бұрын ашылған аккаунтқа кіру қажет. Одан кейін өтініш беруші бірнеше кезеңнен өтуі тиіс:
- жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру;
- жеке басын куәландыратын құжатты суретке түсіру;
- биометриялық тексеруден өту;
- телефонның геолокациясы арқылы орналасқан жерін растау;
- өтініштегі мәліметтерді тексеріп, туған жерін, байланыс ақпаратын және ұлтын көрсету.
Өтініш жіберілмес бұрын жүйе азаматтың Қазақстанға шынымен кіргенін тексереді. Ол үшін мемлекеттік "Бүркіт" ақпараттық жүйесіндегі деректермен салыстыру жүргізіледі.
Бұдан бөлек, өтініш беруші Liveness технологиясы арқылы тексеруден өтеді. Бұл жүйе камера алдында фотосурет емес, нақты адам тұрғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Кейін өтініш берушінің бет-бейнесі иммигранттар базасындағы деректермен салыстырылып, оған бұрын ЖСН берілген-берілмегені анықталады. Барлық мәлімет сәйкес келген жағдайда өтініш соңғы тексеру үшін Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне жіберіледі.

Бұйрыққа сәйкес, өтінішті қарау мерзімі – бір жұмыс күні. Алайда өтініш тапсырылған күн бұл мерзімге кірмейді.
Өтініштің нәтижесі QazETA мобильді қосымшасында жарияланады. Шетел азаматы өзіне берілген ЖСН-ді, жеке деректерін көріп, тіркеу туралы куәлікті PDF форматында жүктей алады.
Құжатта өтініш берушінің ЖСН-і, аты-жөні, туған күні мен туған жері, құжатты берген орган туралы мәлімет және QR-код көрсетіледі.
Қандай жағдайда өтініш қабылданбайды?
Жаңа қызметті пайдаланған әрбір шетел азаматына ЖСН автоматты түрде беріле бермейді. Өтініш пен оған тіркелген құжаттар мемлекеттік тексеруден өтеді.
Министрлік мынадай жағдайларда қызмет көрсетуден бас тарта алады:
- өтініш берушінің мәліметтері Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес келмесе;
- ұсынылған құжаттар немесе ондағы ақпараттың шынайылығы расталмаса.
Бас тартылған жағдайда оның себебі QazETA қосымшасы арқылы хабарланады.
Жаңа мүмкіндік Қазақстанға әлі келмеген шетелдіктерге арналмаған. Себебі өтінішті қарау кезінде адамның елге кіргені мемлекеттік шекара деректері арқылы тексеріліп, қазіргі орналасқан жері геолокация көмегімен анықталады.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда шетелдіктерге жалған құжат дайындаумен айналысқан ер адам ұсталғаны туралы жазған едік.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қазақстандықтардың жарамды ЖСН-і мен жеке куәлік нөмірлерін пайдаланып, құжаттардағы фотосуреттер мен жеке деректерді өзгертіп отырған. Жалған құжаттар шетелдіктердің жеке басын жасырып, жеткізу және жолаушылар тасымалы қызметтеріне тіркелуіне мүмкіндік берген. Оларды көбіне курьер және жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін пайдаланған.