Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға келетін шетелдіктерге жаңа талап қойылды: Электронды рұқсатты кімдер рәсімдеуі керек

шетел азаматтары
Фото: magnific.com

Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіруі мен уақытша болуына қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Енді визасыз режиммен келетін бірқатар елдің азаматтары Қазақстанға сапар алдында электронды рұқсат алуы керек. Жаңа талап кезең-кезеңімен енгізіліп, 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет шетелдіктердің елге кіруі мен болуына қатысты жаңа тәртіпті бекітті. Тиісті қаулы нормативтік-құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланған.

Жаңа талап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтарына, Қазақстанмен визасыз қатынас туралы келісімі бар мемлекеттердің тұрғындарына және ережеде көрсетілген басқа елдердің азаматтарына қатысты.

Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Иран және Түркия бар. Қытай азаматтарына да визасыз қатынас туралы келісім аясында бұл талап қолданылады.

Жаңа тәртіп қашан енгізіледі?

Электронды рұқсат алу талабы бірнеше кезеңмен енгізіледі:

  • 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында және Павлодар облысындағы "Үрлітөбе", Жамбыл облысындағы "Аухатты", Түркістан облысындағы "Атамекен", Жетісу облысындағы "Нұрлы жол" автомобиль өткізу бекеттерінде;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында;
  • 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – мемлекеттік шекарадағы қалған барлық өткізу бекеттерінде.

Бұл кезеңдерде шетелдіктерге жаңа талап түсіндіріледі. Электронды рұқсат болмағаны үшін әзірге елге кіруден бас тартылмайды.

Ал 2027 жылғы 1 шілдеден бастап электронды рұқсат міндетті болады. Ондай құжаты жоқ шетел азаматына Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін.

Электронды рұқсатты қалай алуға болады?

Рұқсатты цифрлық платформа арқылы рәсімдеу қажет. Өтінішті жоспарланған сапар күнінен кемінде 72 сағат бұрын жіберу керек. Құжатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісіп береді. Рәсімдеу тегін болады.

Электронды рұқсат 180 күнтізбелік күнге жарамды. Алайда Қазақстанда болу мерзімі әр елдің азаматтарына арналған қолданыстағы талаптарға байланысты белгіленеді. Мысалы, ЕАЭО азаматтары елде 90 күнге дейін бола алады. Бұл ретте әр 180 күндік кезеңдегі жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауы керек.

Шекаралық бақылау кезінде шетелдік рұқсат рәсімдеген паспортын немесе жеке басын куәландыратын басқа құжатын көрсетуі тиіс. Құжаттың бар-жоғын шекарашылар "Бүркіт" цифрлық жүйесі арқылы тексереді.

Кімдерге электронды рұқсат қажет емес?

Жаңа ережеде бірқатар санатқа жеңілдік қарастырылған. Олардың қатарында:

  • 16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдар;
  • Қазақстанның қолданыстағы визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер;
  • әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын жолаушылар;
  • босқындар мен баспана іздеушілер;
  • шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшылары мен олардың отбасы мүшелері;
  • ресми мемлекеттік және үкіметтік делегация мүшелері;
  • ұшақ, теңіз және өзен кемелері экипаждарының, сондай-ақ пойыз бригадаларының мүшелері;
  • гуманитарлық миссиялар мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға мемлекеттік органдардың шақыруымен келген адамдар бар.

Жалпы құжатта электронды рұқсат алудан босатылатын 29 санат көрсетілген.

Сонымен қатар шетелдіктің елде уақытша болу мерзімі қысқартылса, оны әкімшілік жолмен шығару туралы шешім қабылданса немесе құжат рәсімдеу тәртібі бұзылса, берілген рұқсаттың күші жойылуы мүмкін. Бас тарту немесе рұқсатты жою туралы хабарлама цифрлық платформа арқылы жіберіледі.

Еске салайық, бұған дейін вице-премьер-министр, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон заңнамасының орындалуы күшейтілетінін, ал ережені бұзғаны үшін мигранттарға да, жұмыс берушілерге де жауапкершілік қарастырылатынын айтты. 

Айым Атамбаева
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 15:52