Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан төлқұжаты Орталық Азиядағы ең мықты деп танылды

төлқұжат
Фото: Stan.kz

Қазақстан паспорты Орталық Азия елдері арасында ең жоғары орынға ие болды. Ал әлемдік рейтингте еліміз 66-орынға тұрақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Henley & Partners компаниясы әлемдегі ең мықты төлқұжаттар рейтингін жариялады. Онда паспорт иелерінің алдын ала виза рәсімдемей бара алатын елдерінің саны ескеріледі. Рейтинг азаматтардың әлем бойынша еркін жүріп-тұру мүмкіндігін бағалайды.

Әлемдік тізімде Қазақстан Таиландпен қатар 66-орынға жайғасқан. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде алғанда, Қырғызстан 81, Өзбекстан 82, Тәжікстан 87, ал Түрікменстан 93-орында тұр.

Әлемдегі ең мықты паспорт Сингапурға тиесілі. Екінші орынды Жапония, Оңтүстік Корея және Біріккен Араб Әмірліктері бөлісті. Үздік үштікті Швеция түйіндеді.

АҚШ паспорты рейтингте 10-орында болса, Ұлыбритания алтыншы орынға тұрақтаған.

Айта кетейік, бұған дейін Passport Reports дерегіне сәйкес, Қазақстан паспорты әлемдік рейтингте 102-орынға жайғасқан еді. 2026 жылы қыркүйектегі мәлімет бойынша, қазақстандықтар 90 бағытқа алдын ала виза алмай-ақ бара алады. Оның 43-іне визасыз кіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 41 бағытта виза келген кезде немесе басқа да жеңілдетілген тәртіппен рәсімделеді. Тағы 6 бағытта электрондық сапарға рұқсат қажет. Ал 108 бағытқа бару үшін қазақстандықтарға визаны алдын ала рәсімдеу қажет.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 16:52