Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан паспорты Орталық Азияда бірінші орынға шықты: Визасыз қай елдерге баруға болады

паспорт Қазақстан
Фото: Stan.kz / Түсірген Айым Атамбаева

Қазақстан паспорты әлемдік рейтингте 102-орынға көтерілді. 2026 жылғы қыркүйектегі дерек бойынша қазақстандықтар 90 бағытқа алдын ала виза алмай-ақ бара алады. Олардың 43-іне визасыз кіруге мүмкіндік бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Passport Reports деректеріне сенсек, тізімге 199 ел енгізілген. Қазақстан паспорты Азияның 50 елі арасында 22-орынға жайғасқан. Осылай қазақстандықтар 90 бағытқа алдын ала кәдімгі виза алмай-ақ бара алады. Оған визасыз кіру, шекарада виза алу, жеңілдетілген рәсімдер және электронды рұқсат арқылы кіру мүмкіндіктері кіреді.

Қазақстандықтар қай елдерге алдын ала визасыз бара алады?

90 бағыттың ішінде 43 ел мен аумаққа визасыз кіруге болады. Сонымен қатар 41 бағытта виза келген кезде немесе басқа да жеңілдетілген тәртіппен рәсімделеді. Тағы 6 бағытта электронды сапарға рұқсат қажет. Ал 108 бағытқа бару үшін қазақстандықтарға визаны алдын ала рәсімдеу қажет.

Орталық Азияда Қазақстан бес елдің ішінде бірінші орында тұр. Қазақстан азаматтары Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға визасыз бара алады. Ал Түрікменстанға бару үшін алдын ала виза алу қажет.

Азия елдерінде Қазақстан паспортының қолжетімділік көрсеткіші 69,4%. Оның ішінде 20 бағыт визасыз, 12 бағыт келген кезде виза немесе жеңілдетілген кіру тәртібін ұсынады, ал екі бағытта электронды рұқсат қарастырылған.

Еуропада осы көрсеткіш 17%. Қазақстандықтар сегіз елге визасыз бара алады, ал 39 елге алдын ала виза рәсімдеу қажет.

Парсы шығанағы елдерінде Қазақстан паспортының қолжетімділік көрсеткіші 83,3%. Мысалы, БАӘ-ге 30 күнге дейін визасыз кіруге болады. Оманға – 14 күнге дейін визасыз баруға рұқсат етіледі. Бахрейн, Катар және Сауд Арабиясында виза келген кезде немесе жеңілдетілген тәртіппен рәсімделеді, сондай-ақ электронды виза алу мүмкіндігі бар. Кувейтке бару үшін виза қажет.

Кейбір мемлекеттерде визасыз кіруге қарамастан, қосымша талаптар қойылады. Мысалы, Грузияда қазақстандықтар 360 күнге дейін тіркелсе болады. Бұдан бөлек, Арменияда 180 күнге дейін визасыз бола алады.

  • Малайзия мен Таиландта 30 күнге дейінгі сапар кезінде келу картасын толтыру қажет;
  • Доминикан Республикасына 30 күнге электронды билет қажет;
  • Сейшель аралдарына 90 күнге дейін туристік тіркеуден өту керек;
  • Кот-д’Ивуарға 90 күнге дейін алдын ала тіркелу қажет.

Passport Reports дерегінше, Қазақстан азаматтарына арналған және шетел азаматтарының Қазақстанға кіру талаптары әрдайым бірдей емес.

Мәселен, Германия, АҚШ, Жапония және Канада азаматтарына Қазақстанға визасыз, электронды рұқсатпен немесе келген кезде виза арқылы кіруге мүмкіндік бар. Ал қазақстандықтар бұл елдерге бару үшін визаны алдын ала рәсімдеуі керек.

Керісінше, Антигуа және Барбуда, Бангладеш, Кения және Тунис азаматтарына Қазақстанға кіру үшін виза қажет. Ал қазақстандықтар бұл бағыттарға визасыз, электронды рұқсатпен немесе келген кезде виза алып бара алады.

Passport Reports мәліметі бойынша, Қазақстан:

  • Ислам ынтымақтастығы ұйымының 57 мемлекеті арасында – 13-орында;
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 елі арасында – 4-орында;
  • OPEC+ ұйымының 21 елі арасында – 10-орында;
  • Дүниежүзілік сауда ұйымының 159 мүшесі арасында – 96-орында;
  • ЕҚЫҰ-ға қатысушы 57 мемлекет арасында – 50-орында.

Ал шетел азаматтарының Қазақстанға кіру ашықтығы бойынша ел 199 мемлекеттің ішінде 100-орында тұр. Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Бас консулы визалық сұхбаттың қалай өтетіні, виза беру кезінде қандай факторлар ескерілетіні және Қазақстан азаматтарына АҚШ-қа кіруге қандай жағдайда өмір бойына тыйым салынуы мүмкін екені туралы түсініктеме берген еді.

Еске салайық, бұған дейін 1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз кіретін шетелдіктер елге ұшпас бұрын ақылы электронды рұқсат алуға міндеттелетінін жазған едік. QazETA жүйесі арқылы рәсімделетін рұқсаттың құны 3900 теңге болады, ал шекарада рәсімдеген жағдайда төлем екі есе жоғары – 7800 теңге. Жаңа талап алдымен әуе қатынасына, кейін Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автокөлік өткізу бекеттеріне енгізіледі.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 11:33