Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-дағы алтын кен орнына инвестиция салуы тиіс болған түркиялық олигархтың компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды

золото
Фото: Stan.kz

Шығыс Қазақстан облысында түркиялық кәсіпкер Роберт Йылдырымның иелігіндегі Манка алтын кен орнын игеруге қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл ақпаратты облыстық прокуратура ресми түрде растады. Yildirim Holding атауымен танылған компания Қазақстан нарығына 2013 жылы келіп, содан бері тау-кен өндірісі, геологиялық барлау және химия өнеркәсібі салаларында бірнеше ірі жобаны қолға алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Z MetalsHolding Limited компаниясы құрылтайшыларының арызы негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"2026 жылғы 15 маусымда Z MetalsHolding Limited компаниясы құрылтайшыларының арызы негізінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – делінген прокуратураның ресми жауабында.

Бұған дейін National Business Kazakhstan басылымы Манка алтын кен орнын игеруге байланысты инвестор мен кәсіпорын құрылтайшылары арасында қаржылық дау туындағанын жазған еді.

Басылымның мәліметінше, түркиялық инвестор кәсіпорындарды 5 миллион долларға сатып алған. Келісім аясында кен орнын игеріп, алтын өңдеу фабрикасын салу, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Алайда шағымданушылар инвестордың бұл міндеттемелерді орындамағанын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, түркиялық инвесторлар кәсіпорындарды дамытуға тікелей қаржы салудың орнына жылдық 25% үстемемен жалпы сомасы 21 миллион доллар қарыз берген. Ал қаржыландырылуы тиіс шахта үш жыл бойы жұмыс істемей тұрған. Шағымданушылар осы уақыт ішінде кеніштің техникалық жағдайы нашарлап, онда жұмыс істеу қауіпті бола түскенін де алға тартады.

Yildirim Holding Қазақстанға қашан және қалай келді?

Yildirim Holding – Түркияда құрылған, тау-кен өндірісінен бастап металлургия, энергетика, химия өнеркәсібі мен халықаралық жүк тасымалына дейін бірнеше салада жұмыс істейтін халықаралық компаниялар тобы. Оның негізінде түркиялық Йылдырым әулетінің бизнесі жатыр. Компания Қазақстан нарығына 2013 жылдың соңында келді. Сол кезде холдинг Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан "Восход" хром кенішін сатып алып, елдегі алғашқы ірі өндірістік активіне иелік етті.

Бұл жобаға Еуропалық қайта құру және даму банкі де қаржылай қолдау көрсеткен. Банктің ресми құжаттарында жобаның жалпы құны шамамен 407 миллион доллар болғаны жазылған. Ал банк қатысуымен ұйымдастырылған қаржыландыру көлемі 242 миллион доллардан асқан. Осылайша, Қазақстандағы қызметін Ақтөбе облысындағы хром өндірісінен бастаған холдинг кейін басқа өңірлердегі пайдалы қазбаларды игеру және жаңа зауыттар салу жобаларына да қатыса бастады.

2024 жылы Роберт Йылдырым Нидерландта CoreX Holding атты жаңа холдинг құрды. Кейін Yildirim Group құрамындағы бірқатар өндірістік кәсіпорындар мен инвестициялық жобалар осы жаңа құрылымға өтті. Осыған байланысты компанияның Қазақстандағы алғашқы жобалары Yildirim Holding атауымен белгілі болса, кейінгі жылдары олардың бір бөлігі CoreX Holding арқылы жүзеге асырыла бастаған.  

Жамбыл облысында 440 миллион долларлық зауыт салу жоспарланған

Түркиялық компанияның Қазақстандағы ірі бастамаларының бірі – Жамбыл облысының Сарысу ауданында қолға алынған Qazaq Soda жобасы. Мұнда кальцийленген сода өндіретін зауыт салу көзделген. Холдинг жариялаған бастапқы жоспарға сәйкес, зауыт құрылысына шамамен 440 миллион доллар инвестиция салынуы тиіс болған. Кәсіпорын іске қосылған алғашқы кезеңде жылына 500 мың тонна кальцийленген сода өндіреді деп жоспарланған.

Жамбыл
Фото: zhambyl.gov.kz

Жобаға қазақстандық құрылыс компаниялары да тартылды. Атап айтқанда, 2026 жылғы наурызда BI Group зауыт құрылысына қатысып жатқанын хабарлады. Сол кезде өндірісті қыркүйек айында іске қосу жоспары айтылған еді. Алайда 2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша зауыттың толық пайдалануға берілгенін растайтын нақты ақпарат жоқ.  

Шығыс Қазақстандағы алтын кен орны және жаңа фабрика құрылысы

2023 жылы түркиялық инвестор Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Манка алтын кен орны жобасын сатып алды. Қазір қылмыстық іс қозғалуына негіз болған шағымдарға осы жобаны игеру барысы басты себеп болып отыр . Манка – тарихы өткен ғасырдан басталатын алтын кен орны. Компанияның жариялаған деректеріне сәйкес, кен орны 1925 жылы ашылып, кейін бірнеше ондаған жыл бойы мұнда алтын өндіріліп келген екен.

Жобаны сатып алғаннан кейін инвестор кен орнын қайта игеруді, қосымша геологиялық барлау жүргізуді және алтын өңдейтін өндіріс орнын салуды жоспарлаған. Ал 2026 жылғы қазанда, яғни қылмыстық іс қозғалғаннан бірнеше ай өткен соң, CoreX Holding өз сайтында Манка кен орнында жаңа алтын өңдеу фабрикасын салуға келісімшарт жасалғанын хабарлады. Компания қазақстандық AAEngineering Group серіктестігімен келісімге келгенін мәлімдеген еді. Жоспар бойынша фабрика жыл сайын 200 мың тонна кен өңдей алатын өндіріс орны болуы тиіс болған.

Қарағанды облысындағы мыс кен орындарына қатысты да дау шыққан

Yildirim Holding-пен байланысты бизнес құрылымдарының Қазақстандағы қызметі хром мен алтын өндіру саласымен ғана шектелмейді. Компания геологиялық барлау мен мыс кен орындарын игеру жобаларына да қызығушылық танытқан. Атап айтқанда, DTK Metals, Sunrise Mining және East Kaz Alloys секілді компаниялар арқылы Қазақстан аумағында геологиялық барлау жобаларына қатысқан.

Бұдан бөлек, CoreX Holding Қарағанды облысындағы Көктасжал және Қызылшоқы мыс кен орындарына қатысты инвестициялық мүддесі бар екенін мәлімдеген. 2026 жылғы сәуірде холдинг аталған кен орындарына байланысты құқықтық дау туындағаны да жария болған еді. Компания өкілдерінің айтуынша, осы жобаларды қолдауға 180 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. Алайда кейін активтерге иелік ету және оларды басқару мәселесінде келіспеушілік туындаған.

Дегенмен даудың екінші тарапы болып отырған инвесторлар CoreX Holding-тің бұл активтерге қатысты талаптарымен келіспейтінін мәлімдеді. Олардың ұстанымынша, холдингтің аталған кен орындарына байланысты құқықтары компания жариялағандай емес. Бұл келіспеушілік қазір Манка кен орнынан бөлек қарастырылып жатыр.

Қазақстанға 1,4 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын мәлімдеген

CoreX Holding жариялаған мәліметке сәйкес, компания Қазақстанда жұмыс істей бастаған уақыттан бері ел экономикасына 1,4 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Бұл қаражатқа тау-кен кәсіпорындарын сатып алу, өндірісті жаңғырту, геологиялық барлау жұмыстары және басқа да өндірістік жобаларға жұмсалған қаржы кіреді. Сонымен қатар компания алдағы бес жылда Қазақстандағы жобаларға тағы 3 миллиард доллардан астам инвестиция бағыттау ниеті бар екенін мәлімдеген.

Түркиялық холдингтің Қазақстандағы жобалары мемлекеттік деңгейде де бірнеше рет талқыланған болатын. Мәселен, 2022 жылы кәсіпкер сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловпен де кездескен. Үкімет басшысымен өткен келіссөздерде компанияның елдегі қызметін кеңейту және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қаралған болатын.

Еске салсақ, бұған дейін Лондонда Алатау қаласына инвестиция тарту мақсатында өткен кездесуде британдық компаниялармен жалпы құны 1,3 миллиард доллар болатын тоғыз келісімге қол қойылған еді. Қазір қалаға тарту жоспарланған инвестиция көлемі 6,9 миллиард долларға жетіп, жалпы саны 67 жоба инвестициялық портфельге енгізілген.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 17:55