Шығыс Қазақстанда қытайлық инвесторлармен бірге 110 миллиард теңгелік көлік құрастыратын зауыт салынады
Шығыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі кемінде 110 млрд теңгені құрайтын автомобиль жасау кешенін құру жоспарланып отыр. Жобаға қытайлық инвесторлар қатысады. Зауыт жылына 80 мыңға дейін автомобиль шығармақ. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
"Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумы барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі East Motors Corporation компаниясымен жеңіл автомобильдер, арнайы техника және заманауи қозғалтқыштар шығаратын автомобиль жасау кешенін салу туралы келісімге қол қойды.
Жоба өндірісті кезең-кезеңімен ірі торапты (DKD/SKD) құрастырудан ұсақ торапты (CKD) құрастыруға көшіруді көздейді. Сонымен қатар дәнекерлеу және бояу өндірісін дамыту, жергілікті қамту үлесін арттыру жоспарланған. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін жылына 80 мыңға дейін автомобиль шығарылады. Локализация деңгейін бастапқыда 50%-ға жеткізіп, кейін оны одан әрі арттыру көзделіп отыр.
Жеңіл автомобильдер бойынша инвестор құны 77,85 млрд теңге болатын өндіріс орнын құрып, жылына 25 мың автомобиль шығаруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұдан бөлек, 8,65 млрд теңге қосымша негізгі құралдарға инвестицияланады. Өндіріс құрамына кузовтарды дәнекерлеу, өңдеу, бояу және құрастыру жұмыстары кіреді.
Жүк автомобильдері, тартқыштар және арнайы техника бойынша өндірістік активтердің көлемі кемінде 15,14 млрд теңге, ал өндірістік қуаты жылына 10 мың бірліктен кем болмауы тиіс. Кәсіпорында дәнекерлеу, бояу және құрастыру жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ кузовтар, кабиналар және жабдықтар өндірілмек.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі кемінде 110 млрд теңгені құрайды. Зауытта шығарылған автомобильдерді ЕАЭО мемлекеттеріне, Орталық Азия елдеріне және басқа да шетелдік нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.
Жобаны East Motors Corporation компаниясы жүзеге асырады. Adata мәліметтеріне сәйкес, бұл компания Dong Feng Kazakhstan компанияларына тиесілі болуы мүмкін. Ол өз кезегінде қытайлық Dongfeng автокөлік өндірушісімен, сондай-ақ Tricar Motors компаниясымен байланысты болуы ықтимал. Соңғы компанияның иелері ретінде Серік Әжімұратов, Қарақат Мұхамадиева, Дмитрий Нестеров, сондай-ақ басқа компания арқылы Серікжан Баяхметов пен Жанна Шәкенова көрсетілген.