Қазақстандағы жаңа қалаға британдықтар 1,3 миллиард доллар инвестицияламақ
Қазақстанда салынып жатқан Алатау қаласына шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Лондонда өткен кездесуде британдық компаниялармен жалпы құны 1,3 миллиард доллар болатын тоғыз келісімге қол қойылды. Инвестицияның бір бөлігі қалада білім беру және медицина нысандарын дамытуға бағытталуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Алатау қаласына инвестиция тарту мақсатында Лондонда Alatau City Investment Roundtable атты іскерлік кездесу өтті. Оған 70 компанияның, инвестициялық қордың, банктің және сарапшылық ұйымның өкілдері қатысты. Олардың арасында JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management сияқты халықаралық компаниялар бар. Кездесу барысында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев шетелдік инвесторларға Алатауды дамыту жоспары мен бизнеске ұсынылатын мүмкіндіктерді таныстырды. Тараптар қаланың құқықтық жүйесін қалыптастыру мәселесін де талқылады. Атап айтқанда, арнайы аумақта ағылшын құқығының қағидаттарын қолдану және кәсіпкерлер арасындағы коммерциялық дауларды қарайтын инвестициялық сот құру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, энергетика, көлік және инженерлік инфрақұрылымға қаражат тарту жолдары сөз болды.

Британдық инвесторларды қандай жобалар қызықтырды?
Кездесу қорытындысында халықаралық компаниялармен жалпы сомасы 1,3 миллиард доллар (шамамен 587 млрд теңге) болатын тоғыз келісім жасалды.
Шетелдік инвесторлардың назарын әсіресе білім беру мен медицина саласындағы жобалар аударған. Мәселен, Алатауда University of Exeter, Brighton College және Repton Group компанияларымен бірлесіп білім беру мекемелерін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал AstraZeneca фармацевтикалық компаниясы мен медициналық туризм саласында жұмыс істейтін Crescent Meditours қаладағы медициналық инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ғылыми тәжірибе алмасу бағыттарын пысықтауда.
Алатауда қанша жоба жүзеге асады?
Қазір Алатау қаласының инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,9 миллиард доллар (шамамен 3 трлн теңге) болатын 67 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қалада инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған 28 жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы құны – 35,3 миллиард теңге.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатауда кәсіпкерлердің құқығын қорғауға арналған арнайы сот жүйесі құрылатынын айтқан еді. Коммерциялық дауларды ағылшынның жалпы құқық үлгісіне негізделген инвестициялық сот қарайды. Сондай-ақ 26 қазанда Алатауда қаланың алғашқы зәулім ғимараты болатын Iconic Complex көпфункционалды кешенінің құрылысы басталды.
Айта кетейік, бұған дейін Алатау қаласында құны 360 миллиард теңгеге бағаланған, елдегі екінші ең биік ғимараттың құрылысы басталғаны хабарланған еді. Iconic Complex деп аталатын көпфункционалды кешен қаланың алғашқы зәулім ғимараты болмақ.
Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді