Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 6,6 триллион теңгелік компаниялар биржаға шықпақ

қор биржасы
Фото: Pexels

Қазақстанда алдағы жылдары 3-5 ірі жеке компанияның акциясын қор биржасына шығару жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 6,6 триллион теңгеге бағаланған. Бұл қазақстандықтарға жаңа компаниялардың акцияларын сатып алып, сол бизнестің дамуына инвестиция салуға мүмкіндік береді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Құрылтайда 2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасы мен “Капитал нарығы туралы” заң жобасын таныстырды. Құжатта қазақстандық компанияларды қор биржасына шығару мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Қазір Қазақстанның қор нарығында негізінен мемлекет қатысатын компаниялардың акциялары саудаланады. Олардың жалпы нарықтық құны 17,7 триллион теңгеге жеткен. Енді билік жеке бизнестің де биржаға шығуына жағдай жасауды көздеп отыр.

Қандай компаниялар биржаға шығады?

Жоспар бойынша, алдағы уақытта IPO-ға шығуға әлеуеті бар 3-5 ірі жеке компания іріктеледі. Оларға дайындалуға 2-5 жыл уақыт беріледі. Әр компания үшін жеке жоспар әзірленбек. Әзірге нақты компаниялардың атауы жарияланған жоқ. Дегенмен олардың жалпы бағалау құны 6,6 триллион теңге болады деп есептелген.

Оның ішінде:

  • 5,1 триллион теңгесі – тау-кен өндірісі саласындағы компанияларға;
  • 764 миллиард теңгесі – құрылыс саласына;
  • 559 миллиард теңгесі – сауда компанияларына тиесілі.

Әбілқасымованың айтуынша, жеке компаниялардың биржаға шығуы бизнеске жаңа қаржы тартуға көмектеседі. Ал инвесторлар үшін бұған дейін қолжетімді болмаған салаларға ақша салуға мүмкіндік пайда болады.

Одан не пайда?

IPO дегеніміз – компания акцияларының бір бөлігін қор биржасында көпшілікке ұсынуы. Яғни кез келген инвестор компанияның белгілі бір үлесін сатып алып, оның акционері бола алады. Мысалы, ірі құрылыс компаниясы IPO арқылы акцияларының бір бөлігін сатуға шығарса, қазақстандықтар сол акцияларды сатып ала алады. Егер компанияның нарықтағы құны өссе, инвестор акциясын қымбат бағаға сатып, пайда табуы мүмкін. Сондай-ақ компания дивиденд төлесе, акционер оның бір бөлігін иеленуге құқылы. Бұл қазақстандықтарға инвестиция салатын компанияларды таңдауда көбірек мүмкіндік береді. Қазір нарықта банктер, мұнай-газ және басқа да ірі компаниялар басым болса, болашақта тау-кен өндірісі, құрылыс және сауда салаларындағы бизнестің акциялары да қолжетімді болуы мүмкін. Алайда акция сатып алу міндетті түрде пайда әкеледі деген сөз емес. Компанияның жағдайы нашарласа, акция бағасы төмендеп, инвестор шығынға ұшырауы да мүмкін.

КТЖ мен QazaqGaz да биржаға шықпақ

Жеке компаниялардан бөлек, мемлекет қатысатын кәсіпорындарды да қор нарығына шығару жоспарланып отыр. Атап айтқанда, “Қазақстан темір жолы” мен QazaqGaz компаниялары 2026-2029 жылдары IPO өткізуі тиіс. Олардың акцияларының бір бөлігі Қазақстан қор биржасы және Astana International Exchange арқылы жергілікті инвесторларға ұсынылады. Бұл ретте бөлшек инвесторларға, яғни қарапайым азаматтарға арналған акция үлесін қарастыру көзделген.

Шағын бизнеске де мүмкіндік беріледі

Бағдарламада шағын және орта бизнестің қор биржасына шығуын жеңілдету де қарастырылған. Ол үшін Лондон қор биржасының тәжірибесіне ұқсас листинг демеушілері институты енгізілмек. Мұндай демеушілер компанияларға биржа талаптарына сай дайындалуға көмектеседі. Яғни кәсіпорын құжаттарын реттеп, қаржылық есептілігін дайындап, инвесторлар алдындағы ашықтық талаптарын орындауға қолдау алады. Сонымен қатар IPO-ға дайындық процесін жеңілдету үшін Орталық бағалы қағаздар депозитарийінің базасында бірыңғай цифрлық терезе құрылады. Компания құжаттарын бір жерге тапсырады, ал Қаржы нарығын реттеу агенттігі, биржалар мен депозитарий оларды қатар қарай алады.

Айта кетейік, бұған дейін әлемдегі ең бай 10 адамның бір айда 273 миллиард доллар жоғалтқаны хабарланған еді. Бұл шығын олардың байлығының қор нарығындағы акциялар бағасының төмендеуіне байланысты болған.

 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 15:28