Қазақстанда бөліп төлеуге жаңа талаптар енгізу мәселесі қаралып жатыр
Қазақстанда бөліп төлеу қызметін ұсынатын компанияларға жаңа талаптар қойылуы мүмкін. Енді мұндай қарыздар туралы ақпарат кредиттік бюроларға жіберіліп, азаматтардың жалпы қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескерілуі ықтимал. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің түсіндіруінше, реттеуші бөліп төлеу нарығын реттеуге қатысты ұсыныстарды жинауды аяқтаған. Қазір мамандар түскен пікірлерді саралап, нарыққа енгізілуі мүмкін талаптардың әсерін бағалап жатыр. Бұған дейін Ұлттық банк бөліп төлеу қызметін реттеудің бірнеше жолын қамтитын талқылау құжатын жариялаған еді. Онда нарықтағы мәселелер мен оларды шешудің ықтимал тетіктері ұсынылған. Алайда әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
“Ұсыныстарды қабылдау бір-екі күн бұрын аяқталды. Кері байланыс жеткілікті болды. Қазір сол пікірлер бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – деді Ақылжан Баймағамбетов.
Қандай бөліп төлеу қызметтеріне жаңа талап қойылады?
Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу қызметтері қолданыстағы қаржылық реттеу талаптарына бағынады. Ұлттық банк өкілінің айтуынша, мұндай өнімдер мәні жағынан несиеге жатады. Алайда нарықта банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысы жоқ компаниялар ұсынатын бөліп төлеу қызметтері де бар. Мәселен, кейбір дүкендер тауарды бірден алып, ақысын бірнеше айға бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Осындай қызметтерге қатысты бірнеше мәселе туындап отыр. Атап айтқанда, сатып алушыға төлем шарттары қаншалықты ашық түсіндіріледі, кешіктірген жағдайда қандай айыппұл салынады және мұндай қарыздар адамның жалпы қаржылық міндеттемесіне қосыла ма деген сұрақтар қарастырылып жатыр.
Бөліп төлеу кредит тарихына енуі мүмкін
Ұлттық банк талқылап жатқан негізгі ұсыныстардың бірі – бөліп төлеу туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға жіберу.
Қазір кейбір азаматтар банктен кредит алған кезде басқа дүкендерден немесе сервистерден рәсімдеген бөліп төлеу міндеттемелері толық көрінбеуі мүмкін. Соның салдарынан банк адамның барлық қарызын ескермей, жаңа кредит беру туралы шешім қабылдауы ықтимал. Мысалы, азаматтың банкте бір кредиті бар делік. Сонымен қатар ол бірнеше дүкеннен телефон, тұрмыстық техника немесе басқа тауарларды бөліп төлеуге алған. Егер бұл міндеттемелер кредиттік бюрода көрсетілмесе, банк адамның нақты қарыз жүктемесін толық бағалай алмауы мүмкін.
Жаңа талап енгізілсе, осындай бөліп төлеу міндеттемелері де есепке алынуы ықтимал. Бұл азаматтың төлем қабілетін бағалауға және шамадан тыс қарыз алуына жол бермеуге көмектесуі мүмкін. Бұдан бөлек, тұтынушылардың құқығын қорғау талаптарын күшейту ұсынылып отыр. Олар бөліп төлеу шарттарын толық түсіндіруді, айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы ақпаратты алдын ала көрсетуді қамтуы мүмкін. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының орынбасары әзірге бұл ұсыныстардың ешқайсысы түпкілікті бекітілмегенін атап өтті.
“Бұл – соңғы шешім емес. Құжаттың мақсаты да ықтимал нұсқаларды ұсынып, нарық қатысушыларының пікірін жинау болатын. Содан кейін үкіметке ұсыныстар енгізілуі мүмкін”, – деді ол.
Жаңа ережелер қашан енгізілуі мүмкін?
Ұлттық банктің түсіндіруінше, ұсыныстардың бір бөлігін нормативтік актілер арқылы енгізуге болады. Ал кейбір өзгерістер үшін заңнамаға түзету енгізіп, үкіметтің қатысуы қажет болуы мүмкін. Мәселен, қаржы реттеушілеріне қосымша өкілеттік беру немесе бөліп төлеу қызметін ұсынатын компанияларға кредиттік бюроларға ақпарат жіберу міндетін жүктеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазір Ұлттық банк нарық қатысушыларынан түскен ұсыныстарды зерттеп, олардың бизнеске және тұтынушыларға ықпалын бағалауда. Келесі кезеңде бұл мәселелер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп талқыланбақ.
Неге бөліп төлеу нарығын реттеу қажет?
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дүкендер арқылы тікелей рәсімделетін бөліп төлеудің бір мәселесіне назар аударған еді. Оның айтуынша, мұндай міндеттемелер туралы ақпарат банктерге әрдайым қолжетімді бола бермейді. Соның салдарынан қаржы ұйымдары азаматқа жаңа кредит берген кезде оның барлық қарызын көрмеуі мүмкін. Сондықтан реттеушілер қазір “қазір сатып ал, кейін төле” қызметтері мен қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялардың бөліп төлеу өнімдерін де назарға алып отыр. Ұлттық банктің мақсаты – бұл нарықты шектеу емес, оның жұмысын реттеп, тұтынушылардың құқығын қорғау және азаматтардың нақты қарыз жүктемесін анықтау.
Әзірге бөліп төлеу қызметіне қатысты жаңа талаптардың қашан енгізілетіні белгісіз. Нақты шешім нарық қатысушыларымен талқылау аяқталғаннан кейін қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысты талаптар жеңілдетілгені хабарланған еді. Атап айтқанда, бес жылдан астам уақыт бойы қарызын өтей алмаған азаматтар үшін банкроттық рәсімін бір ай ішінде аяқтау тәртібі енгізілген.
Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді
