"Елімізде мұндай олжа кездеспеген": Алматыда сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі әшекей табылды
Алматы облысында орналасқан Қарағайлы қорымында ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататын обада шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде бірнеше адамның сүйегі мен аю бейнесіндегі әшекей табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, зерттеу барысында бірегей алтын бұйым мен көптеген адам сүйегі табылған. Обаның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Қорымды зерттеу нәтижелеріне негізделген алдын ала мерзімдеу бойынша ескерткіш сақ дәуіріне, яғни біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатады.

Археологтардың болжамы бойынша, төрт ересек адам мен үш баланың денесі жатқан. Жерленген адамдардың саны әзірге анықталған жоқ.
“Адам сүйектерінен бөлек, сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Тонау салдарынан археологиялық жәдігерлердің басым бөлігі ретсіз шашылып қалған. Табылған олжалардың ішінде ерекше құндысы – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Ғалымдардың болжамынша, бұл бұйым бас киімді әшекейлеуге арналған. Алтын әшекейдегі арнайы тесіктер оның бас киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады”, – деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі директоры Ләззат Сағындықованың мәліметінше, елімізде мұндай олжа мүлдем кездеспеген.

“Аю бейнесіндегі алтын мүсінше — Қазақстан үшін бірегей жәдігер. Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыс пен ұқсастықты зерттеуге мүмкіндік береді”, — деді Ләззат Сағындықова.
Әкімдік археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған материалдарға қажетті ғылыми өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін аса құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының маңындағы қазба жұмысы кезінде адамның қаңқасы мен мұз дәуірінде өмір сүрген жүнді мүйізтұмсықтың сүйектері табылды.
Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді