Алматыда құрылыс жұмыстары кезінде мемлекет қорғауындағы көне қоныстың бір бөлігі жойылды – Археолог
Алматыдағы Бұтақты шатқалында құрылыс жұмыстары кезінде "Бұтақты-2" көне қонысына елеулі зақым келген. Археологтың айтуынша, ескерткіштің төменгі бөлігінің шығыс жағы толық жойылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячев әлеуметтік желіде жарияланған видеода айтты. Оның сөзінше, ауыр техника тау бөктерін кесіп, 3-4 метр тереңдікке дейін топырақты қопарып тастаған. Бүлінген аумақтың көлемі шамамен 1,2-1,5 мың шаршы метр.
"Қоныстың төменгі бөлігінің шығыс жағы толығымен жойылған. Бұл аумақта шаруашылыққа арналған қосалқы құрылыстары бар тоғыз көне баспана болған. Ал батыс жағы аумақты тегістеу кезінде топырақ астында қалып қойды. Сондықтан ол жерде сақталуы мүмкін баспаналардың орнын зерттеу қазір қиын", – деді Александр Горячев.
Қоныстың ортаңғы және жоғарғы бөліктеріне құрылыс техникасы әзірге жетпеген. Сондықтан ескерткіштің бұл бөлігі сақталған. Археологтың мәліметінше, "Бұтақты-2" аумағынан әр дәуірге тиесілі тас құралдар мен қыш ыдыстар табылған. Қоныс ерте темір дәуірі мен ерте орта ғасыр кезеңіне жатады.

"Бұтақты-2" Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Горячев қорғалатын аумақта кез келген жұмыс тиісті мекемелермен келісілуі тиіс екенін атап өтті.
"Бұл – мемлекет қорғауындағы археологиялық ескерткіш. Мұндай аумақта құрылыс немесе басқа да жұмыстар жүргізу үшін тиісті келісімдер болуы керек. Алайда бұл жұмыстарға рұқсат берілген-берілмегені маған белгісіз. Қазір ескерткіштің бір бөлігіне айтарлықтай зақым келіп отыр", – деді археолог.
"Бұтақты-2" маңында бірнеше тарихи кезеңнің іздері сақталған "Бұтақты-9" археологиялық кешені де орналасқан. Горячевтің сөзінше, осы екі ескерткішті зерттеу қазіргі Алматы аумағының кейінгі 2,5 мың жылдық тарихын зерделеуге мүмкіндік береді.
Әзірге бұл аумақта құрылыс жұмыстарын кім жүргізгені және оған уәкілетті органдардың рұқсат берген-бермегені белгісіз.
https:
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?