Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда ақын Ербол Бықыбаев ұсталды: Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ербол Бықыбаев
Фото: Instagram.com/bykybaev1/

Әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысты жазған өткір өлеңдерімен танылған ақын Ербол Бықыбаев Тараз қаласында терроризмді насихаттады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақынның ұсталғаны туралы заңгер Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ербол Бықыбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы терроризмді насихаттағаны үшін жауапкершілікті қарастырады.

“Ербол Бықыбаевты Тараз қаласында ұстапты. Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі, яғни терроризмді насихаттау күдігі бойынша ұстап отыр. Бұл бап бойынша жаза өте ауыр. Жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған”, – деді заңгер.

Дәулетхан Ахметов ақынның ұсталуына әлеуметтік желіде тараған бейнежазба себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Мәліметке сәйкес, Ербол Бықыбаев тікелей эфирлерінің бірінде Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізген адамдарға қатысты өткір пікір білдірген. Алайда қылмыстық істің қозғалуына нақты қай видео негіз болғаны әзірге белгісіз.

Қазір құқық қорғау органдары ақынның ұсталуына қатысты толық түсініктеме берген жоқ. Істің өзге мән-жайы да белгісіз.

Ербол Бықыбаев кім?

Ербол Бықыбаев – әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын өлеңдерімен танылған жас ақын.

Әсіресе, Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты жазған шығармалары көпшіліктің назарын аударған. Оның осы оқиғаға арнаған “Қарабет” атты туындысы кеңінен тараған еді.

Ақын қоғамдық мәселелерге қатысты өткір пікірлерімен де танымал.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 18:05