Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйіме үш еркек келді": Қазақстандық әйел е-Otinish-тің қауіпсіздігіне күмән келтірді

киберқылмыс телефон алаяқ
Фото: magnific.com

Әлеуметтік желіде қазақстандық әйел е-Оtinish арқылы өтініш берілгеннен кейін, оның үйіне белгісіз адамдардың келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Автордың айтуынша, ол e-Otinish арқылы шағымданғаннан кейін оған адамдар қоңырау шалып, шағымданған. Олар өтініштерді қайтарып алуды сұраған. 

“Жеке деректерімнің үшінші тұлғаға қолжетімді екенін білетінмін, бірақ бұған көп мән бермедім. Бірақ бүгін мүлдем басқа жағдай орын алды. Менің үйіме үш ер адам келді. Олар менің өтінішім бойынша келгендерін айтты. Мен есікті ашпай, үй мекенжайымды қайдан алғанын сұрадым. Оларға учаскелік полиция қызметкері бергенін айтты,” – деп жазды әйел.

Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторы өзінің жеке деректерін ешкімге бермегенін мәлімдеген. Осыдан кейін әйел жеке деректерінің таралуына қатысты тексеру жүргізуді сұраған.

“Заңды құқығын пайдаланып, шағым түсірген адамның осындай жағдайға тап болуы қаншалықты дұрыс? Мекенжайды біліп, үйге келіп тұрады. Әрі қарай не болатынын белгісіз. Бәлкім үйіне келіп қорқытатын шығар, мүмкін қысым мен физикалық күш қолдануы да ықтимал. Жұрт олар тек сөйлескісі, кешірім сұрағысы немесе шағымды қайтарып алуды өтінгісі келген шығар деп айтуы мүмкін. Бірақ ол үшін өзгенің үй мекенжайын біліп, үш адам болып үйіне барудың қажеті қанша? Мен e-Otinish жүйесін азаматтарға өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін құрал деп ойлайтынмын”, – деп жазды әйел.

Қазақстандық әйел егер өтініш берушілердің жеке деректері өздері шағым түсірген адамдардың қолына түсіп кетуі мүмкін болса, бұл жүйені пайдалану қаншалықты қауіпсіз екеніне күмәндана бастағанын айтты.

“Қазір өзімді шынымен жайсыз әрі қауіпсіз емес сезініп жүрмін. Мен бір ғана қарапайым сұраққа жауап алғым келеді. Жеке деректерді үшінші тұлғаларға кім және қандай негізде береді?” – деп жазды ол.

Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ осы жағдай бойынша жауап берді. Олар e-Otinish платформасы арқылы өтініш берген кезде азамат жеке деректерін өңдеуге келісім беретінін түсіндірген.

"Бұл ретте өтініш берушінің жеке деректері “Жеке тұлғалар” мемлекеттік деректер базасынан (ЖТ МДБ) алынады. Бұл мәліметтер азаматтардың өтініштерін толыққанды қарау үшін қажет. Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ (ҰАТ) eOtinish платформасына техникалық қолдау көрсетеді. Ал азаматтардың өтініштерін қарау және олардың жеке деректерін заңды түрде пайдалану жауапкершілігі тиісті мемлекеттік органдарға жүктеледі", – деп жауап берді сауалға.

Сондай-ақ компания мемлекеттік орган қызметкерлері өтініш берушіден шағымын қайтарып алуды сұраған жағдайда, азамат олардың әрекетіне қатысты тиісті мемлекеттік органға шағым түсіруге құқылы екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстанда ата-аналар мектептердің отбасы туралы тым көп мәлімет сұрайтынына шағымданып жатыр. Олардың түрлі әлеуметтік желі платформаларында жазғандарындай, мектептер ата-анасының қайда жұмыс істейтінін, қанша табыс табатынын, қандай оқу орнын бітіргенін, тіпті баланың бауырлары туралы да ақпарат жинайтын көрінеді. Кейбір ата-ана мұндай сауалнамаларды толтырудан бас тартқанын айтады.

 

Ислам Әден
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 17:04