Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЕҰУ университеті студенттердің жеке деректерін таратып жіберді деп айыпталды

университет
Фото: fnt.kz

Еуразия Ұлттық университеті магистранттарының жеке деректері Google-кестеге жинақталған. Білім алушылардың айтуынша, сілтеме бірнеше адамның қолына түскен. Ал университет ақпараттың ашық әрі бәріне қолжетімді болғанын растамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жайтты Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты хабарлаған. Ол оқу орнының білім алушылардың жеке мәліметін қалай жинап, сақтайтынына күмән келтірді. Оның айтуынша, білім алушылардың жеке ақпараты Google-кестеге енгізіліп, оған қол жеткізуге арналған сілтеме магистранттар чатына жіберілген.

Магистрантты университеттегі корпоративтік электрондық пошта мекенжайларының жасалу тәртібі де алаңдатқан. Оның сөзінше, бұл мекенжайлар студенттердің Жеке сәйкестендіру нөміріне негізделеді деген ақпарат бар.

“Бұл саланың маманы емеспін. Бірақ студенттердің тұрғылықты мекенжайын Жеке сәйкестендіру нөмірімен бірге көпшілік қол жеткізе алатын кестеге енгізу дұрыс емес сияқты. Жеке деректер құпия сақталуы тиіс емес пе”, – дейді ол.
дерек
Фото: qumash.kz

Студенттердің мәліметтері не үшін жиналған?

Бірінші курс магистранттарының ортақ чатында басқа қалалардан келген, кәмелетке толған, жатақханада немесе хостелде тұрмайтын, пәтер жалдап не туыстарының үйінде тұратын азаматтардың тізімін жасау тапсырылған.

Осы мақсатта чатқа Google-кестенің сілтемесі жіберілген. Құжатта студенттердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты мекенжайы мен байланыс ақпараты қамтылған. Хабарламаларда тізімді қысқа мерзімде толтыру керегі де бірнеше рет ескертілген.

“29 қарашада мәслихат сайлауы өтеді. Тізімді тезірек толтырып, мүмкіндігінше жылдам жіберу керек”, – деп жазған университет өкілі.

Магистранттарды студенттердің жеке деректері не мақсатта жиналғаны және оны жинауға кімнің тапсырма бергені алаңдатады. Сонымен қатар олар ақпаратты сұратуға қандай негіз болғанын және кестеге кімдердің қол жеткізе алатынын білгісі келеді.

дерек
Фото: qumash.kz

 

Университеттің мұндай әрекеті заң бұзушылық болды деген қорытынды жасауға әзірге негіз жоқ. Дегенмен жеке деректердің сақталуы мен қорғалуына қатысты сұрақтар ашық күйінде қалып отыр. Жеке деректер алаяқтардың қолына түсіп, түрлі қылмысқа пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан студенттердің мәліметтері қалай сақталатыны және оған кімдердің қол жеткізе алатыны маңызды мәселе.

Университет тарапы не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Еуразия ұлттық университетінен мән-жайды сұрады. Университет өкілінің мәліметінше, басқа қалалардан келген, жатақханада тұрмайтын студенттер туралы деректер сабақтан тыс уақытта қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру үшін жиналған. 

“Жиналған мәліметтерді жүйелеу үшін Google-кесте пайдаланылды. Оған тек университет қызметкерлері қол жеткізе алды”, – делінген оқу орнының жауабында.

Университет құжаттың көпшілікке ашық болғаны туралы ақпарат расталмағанын хабарлады. Дегенмен сілтеменің магистрантқа қалай қолжетімді болғаны әлі анықталып жатыр.

“Студенттердің корпоративтік электрондық пошта мекенжайлары Жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде емес, аты-жөні бойынша жасалады. Мекенжай мынадай үлгіде қалыптасады: тегі_аты-жөнінің бас әріптері@enu.kz. Мысалы, [email protected]”, – делінген жауапта. 

Дәл осы университетте бұған дейін не болды?

Айта кетейік, бұған дейін Еуразия ұлттық университетінің студенттері жатақхана мәселесін көтерген еді.

Олар №5 Студенттер үйіндегі бөлмелердің суық екеніне, жиһаздардың тозғанына және қолайсыз жағдайға шағымданған. Биыл жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, жатақханада бір жыл тұру ақысы 275 мың теңге болғаны студенттердің наразылығын тудырды. Университет кейін бұл төлемді 30%-ға төмендету жоспарланып отырғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 21:04