Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада 275 мың теңгенің университет жатақханасы студенттерді шошытты

жатақхана
Фото: Видеодан скрин

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері жатақхана жағдайына шағымданды. Олардың айтуынша, ғимаратта биыл жөндеу жүргізілгенімен, оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі бөлмелер суық, төрт білім алушыға бір ғана шкаф берілген, ал кей жиһаздардың әбден тозығы жеткен. Оған қоса, бір студенттің жатақханада тұру ақысы 275 мың теңге. Студенттер мұндай жағдай үшін қомақты қаржы төлеуге наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

“Жиһаз жеткіліксіз, жарық дұрыс түспейді”

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жатақхана жағдайын Оразгүл есімді қолданушы Threads парақшасында хабарлады. 

“2-5 курс студенттерінің мұңын тыңдауларыңызды сұраймыз. М. Жұмабаев даңғылы, 14/1 мекенжайында орналасқан №5 Студенттер үйіндегі тұру ақысының белгіленуіне қатысты мәселені қайта қарауды сұраймын. 2026–2027 оқу жылында тұру ақысы 275 000 теңге.   Байтұрсынұлы көшесі, 33А мекенжайында орналасқан жаңа Студенттер үйі үшін де дәл осындай баға белгіленген. Алайда №5 Студенттер үйіндегі жағдайды ескерсек, белгіленген бағаға қатысты сұрақ туындайды”, – деп жазды студент.  

Оған қоса білім алушы жатақханадағы мәселені бөлек-бөлек тарқатты: 

  • екі қабатты кереуеттердің бір бөлігі жарамсыз немесе сынған күйде;
  • матрацтардың астында толыққанды негіздің орнына картон парақтары қолданылған, сондықтан кереуеттер қатты әрі ұйықтауға ыңғайсыз;  
  • шкафтар мен басқа да жиһаздар жеткіліксіз. Мысалы, алты адам тұратын бөлмеде шамамен екі ғана шкаф бар;
  • бөлмелерде жарықтандыру жеткіліксіз, бұл әсіресе кешкі уақытта студенттердің сабақ оқуына және дайындалуына кедергі келтіреді;
  • қыс мезгілінде жатақхана іші суық болады;
  • жиһаздар мен бөлмелердің жалпы жағдайы нашар. 

Студенттің сөзінше, бұған дейін жатақханада жөндеу жұмыстары жүретіні айтылып, ғимарат белгілі бір уақытқа жабылған. Алайда қайта ашылған соң жүргізілген жұмыстың нәтижесі айтарлықтай байқалмаған. 

“Осыған байланысты №5 Студенттер үйіндегі 275 мың теңге көлеміндегі тұру ақысының қандай негізде белгіленгенін түсіндіруді сұраймын. Бағаны белгілеу кезінде жатақхананың нақты жағдайы, жиһазы, жарықтандырылуы және тұрмыстық жағдайлары ескерілді ме? Сонымен қатар №5 Студенттер үйінің қазіргі жағдайын ескеріп, тұру ақысын өзгерті мүмкіндігін қарастыруды сұраймын”, – деді студент.

Университет тарапы не дейді?

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті №5 Студенттер үйіндегі студенттердің жағдайына және жатақхана ақысына қатысты түсініктеме берді.

“Бұған дейін күрделі жөндеу жүргізу және жиһаз сатып алу үшін жабылған №5 Студенттер үйіне қазір 800-ден аса студент орналастырылған. Жатақханада бір жыл тұру құны 275 мың теңге болып белгіленген. Бұл тариф университет басқармасының 2026 жылы 8 шілдедегі шешімімен бекітілген. Қазір №5 Студенттер үйіндегі тұру ақысын 30% төмендету жоспарланып отыр. Бұл мәселе 7 қыркүйекте  университет басқармасының отырысында қаралады”, – делінген жауапта. 

Университет мәліметінше, басқа жатақханаларда орындар босаған сайын №5 Студенттер үйінде тұрып жатқан студенттерді басқа жатақханаларға кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып оты.

“Материалдық-техникалық жағдайды жақсарту мақсатында №5 Студенттер үйіндегі жиһаздарды да кезең-кезеңімен жаңартып, ауыстыру жоспарланып отыр”, – делінген жауапта. 

Жатақханадағы орын тапшылығына қатысты

Университет мәліметінше, 2026–2027 оқу жылында мемлекеттік білім беру гранты бойынша 1-курсқа қабылданған студенттер саны жоспарланған көрсеткіштен асып кеткен. Осыған байланысты жатақханадан орын сұрап, 2 970 өтініш түскен.

"Қазір студенттер үйінде орын тапшылығы жоқ. Жатақханаға мұқтаж студенттерге қолда бар орындардың барлығы Platonus жүйесі арқылы автоматты түрде бөлінген”, – делінгшен жауапта.

Оған қоса университет тарапы студент шағымданған жаңа жатақхана жағдайына қатысты пікір білдірді

“Ал Байтұрсынов көшесі, 33 мекенжайындағы жатақхана жекеменшік саналады. Ол жатақхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвесторлар қаржысына ЕҰУ студенттерін орналастыру үшін салынған. Жатақхана жекеменшік болғандықтан, ондағы орындарды президент Іс басқармасына қарасты “Астана 20” мемлекеттік қоры бөледі. Сондықтан онда  Еуразия ұлттық университеті студенттерімен қатар басқа жоғары оқу орындарының студенттері де тұра алады. Мәселен, Абай атындағы университет филиалына 300 орын, ал Qazaq AI Research University-ге 100 орын берілген”, – делінген жауапта. 

Басқа да студенттер не дейді?

Тағы бір студент жатақханада жалюзи жоғына, есіктердің сынғанына және жиһаздың жеткіліксіздігіне шағымданды. Оның айтуынша, төрт адамға арналған бөлмеге бір ғана шағын шкаф берілген. 

“Еуразия Ұлттық университеті үшін мынау сұмдық қой. Қалай тұрамыз? Жалюзи жоқ, есіктер сынық. Төрт адамға бір шкаф қана. Оған затымыз қалай сыяды? Осындай жағдай үшін 275 мың теңге төлейміз. Жылы су әлі жоқ. 3–4-курс студенттеріне бәрі бола береді деген сөз бе?”, – деп жазды студент.

Енді бір студент жтақхана жағдайы 275 мың теңгеге сай келмейтінін айтты. 

“Еуразия Ұлттық университеті 3-4 курс студенттері үшін Жұмабаев көшесіндегі 5жатақхананы беріпті. Онда жағдай жасалмаған. Не жылы су, не жиқаз жоқ. Тіпті жататын кереует сынып қалған. Ал шкаф қирап, бөлмелерден жағымсыз иіс шығып жатыр. Осындай жағдай үшін 275 мың теңге төледік. Бірақ жатақхана жағдайы ол ақшаға мүлде сай келмейді. Мұнда бір жыл бойы ешкім тұрмаған. Матрас, жастықтары ескіріп кеткен”, – деп жазды бірі. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жатақханадағы тазалыққа қатысты көршісімен төбелескен студент жарақат алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 14:44