Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыны Жаңа жылға безендіруге 512 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ

Жаңа жыл мерекесі
Фото: depositphotos.com

Алматыда 2027 жылғы Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталды. Қала көшелері мен алаңдарын безендіруге, алып шырша орнатуға және мерекелік концерт ұйымдастыруға бюджеттен 512,3 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурста  мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша Абай алаңына биіктігі кемінде 13 метр болатын үш деңгейлі шырша орнатылмақ. Оның бір деңгейі айналып тұруы керек. Шырша гирляндалармен, сәндік шарлармен және жарықтандырылған жұлдызбен безендіріледі.

Сонымен қатар алаңда "Кәмпит салынған пакет", "Айнадай сыйлық", "Тәтті аллея", "Граммофон" және "Телефон будкасы" секілді жаңа жылдық инсталляциялар пайда болады. Аюлар, кәмпиттер, ойыншықтар мен басқа да сәндік композициялар қойылады. Бұған қоса, биіктігі кемінде 4,7 метр болатын жарық арка орнату жоспарланған.

Жаңа жылға мемлекеттік сатып алу
Фото: zakup.gov.kz

Жобаның бір бөлігі ретінде Республика сарайының қасбеті мен шатыры да жарық гирляндаларымен безендіріледі. Алаңға сауда үйлері мен түрлі сәндік нысандар орналастырылады.

Бұдан бөлек, Абай алаңында үш күн бойы жаңа жылдық концерттік бағдарлама өтеді. Онда эстрада жұлдыздары, би ұжымдары мен балалар шығармашылық топтары өнер көрсетеді. Мерекелік сахнаны безендіру де жоспарға енгізілген.

Мемлекеттік сатып алу құжаттарына сәйкес, мерекелік безендіру мен концерт ұйымдастыруға арналған ірі лоттардың құны:

  • Абай алаңын шырша және инсталляциялармен безендіру – 288,7 миллион теңге;
  • Үш күндік жаңа жылдық концерт пен сахнаны безендіру – 138,8 миллион теңге;
  • Көшелерді жарық кронштейндерімен безендіру – 84,8 миллион теңге.

Конкурстарға өтінім қабылдау қараша айында аяқталады.

Еске салайық, бұған дейін былтыр Stan.kz Қазақстан өңірлерінің 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсағанын зерттеп, арнайы материал әзірлеген еді. Зерттеу нәтижесінде өңірлердің жаңа жылдық безендіруге бөлген қаржысы әртүрлі болғаны анықталды. Ең көп қаражат Алматы қаласына тиесілі болып, шаһар мерекелік безендіруге кемінде 793,3 миллион теңге бөлген. Ал бірқатар өңір, керісінше, бюджетті үнемдеп, жаңа жылды бұрынғы декорациялармен және демеушілердің көмегімен қарсы алуды жоспарлаған. Тіпті Абай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Қостанай облыстары мерекелік безендіруге бюджеттен бір теңге де бөлмеген. Жалпы, ел бойынша жаңа жылдық безендіруге 1 миллиард 776,8 миллион теңге қарастырылған еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 15:15