Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі рет үйленіп ажырастым" деймін": Медеу Арынбаев марқұм жарына берген уәдесі мен жеке өмірі туралы айтты

Бір адамды өмір бойы сүйіп өтуге бола ма? Бұл сұраққа әнші Медеу Арынбаевтың жауабы ерекше әсер қалдырады. Өмірлік жарынан айырылса да, оған берген уәдесіне берік болып, екі баласын жалғыз тәрбиелеп өсірген өнер иесі үшін махаббат – уақытпен өлшенбейтін сезім. Жақында 60 жасқа толатын әнші Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында өмірінің осы бір қырларымен қатар, өнердегі ұстанымы мен алдағы жоспарлары туралы да әңгімеледі.

– Сіз туралы жастар әлеуметтік желіде жиі мақтап жатады. Бірақ көбіне өнеріңізді емес, жеке өміріңізді сөз етеді. Бұл туралы не айтасыз?

– Қарындастарыма, қыз-келіншек бауырларыма рақмет! Бұл – өнерімді сыйлайтын тыңдармандарымның ақ тілегі ғой. Мен жақсы атқа лайық болу үшін тырысамын. Артымнан жақсы сөз ерсе екен деймін. Бізді тегімізге, ата-бабамызға, ұлтымызға, туысымызға сөз келтірмеуге тәрбиеледі. Мені де пәк деп ойламаңыздар, мен де пендемін. Қателесетін кездерім болады.

– Жақында 60 жасқа толасыз. Жас көрінуіңіздің сыры неде?

– Күнделікті өмірімде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Мен де басқалар секілді тәтті жеймін. Жас көріну үшін арнайы ештеңе істемеймін. Дәм-тұзымның да ерекшелігі жоқ. Бірақ өмірімде қозғалыс көп. Спортпен айналысамын. Күн сайын орнымнан тұрып, болмағанда жеңіл жаттығу жасауға тырысамын. Соның да әсері бар шығар.

– Ал нешеде тұрасыз?

– Оны сұрама! Біз, өнер адамдары, кешке қарай тұрамыз. Әншіге жеті-сегіз сағат ұйықтаған дұрыс. Дауысың дұрыс шығуы үшін ұйқың да қанық болуы керек.

– Үй тірлігін өзіңіз істейсіз бе?

– Үй тірлігі әйелдікі, еркектікі деп бөлінбейді. Қазір барлық шаруаны өзім істеймін. Әйелім өмірден өтіп, кейін анам да қайтыс болғаннан кейін барлық жауапкершілік өз мойныма қалды. Бұрын ешқашан үй шаруасымен айналысып көрмеген едім. Кейін екі баламды да жалғыз тәрбиелеп өсірдім.

– Осы уақытқа дейін берген сұхбаттарыңызда айтқан пікірлеріңізге қатысты ыңғайсыз жағдайлар болды ма?

– Менің екі пікірім ел арасында қатты талқыланды. Бірі – Төреғали әнші емес дегенім, екіншісі – Қайрат Нұртас демалуы керек дегенім. Екеуі де маған ренжіген шығар. Төреғалиға қатысты айтқан ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Мен оны жоғары деңгейдегі классикалық әнші емес дегім келген. Ал Қайратқа өнерден кетсін деген жоқпын, дауысын дұрыстау үшін уақытша үзіліс алсын деген ағалық пікірімді білдірдім. Бірақ мені ешкім дұрыс түсінбеді. Кейін олардың әкелеріне де айттым.

– Атақ маңызды ма?

– Мен үшін маңызды емес. Егер мемлекеттік мекемеде жұмыс істесем немесе ұстаздық қызмет атқарсам, маңызды болар еді. Бірақ ондай қызметте болмағандықтан, атақ деп бас қатырып жүрген жоқпын. Негізі, "Халық әртісі" атағын адамға қартайғанда емес, дер кезінде берген дұрыс. Әрі бұл атақ ең мықтыларға берілуі керек. Біз денсаулығымызды Президенттік емханада қарата аламыз. Оның көмегі бар.

– Неге кәсіби тұрғыдан мықты әншілер танымал болмайды, әндері хитке айналмайды?

– Бұл – менің жүрегімде жүрген мәселе. Бір парадокс. Сахнада жүргеніме 35-40 жыл болды. Талантты әншілер өте көп. Бірақ талантты адам сәл еркелеу, сенгіштеу келеді. "Маған адамдардың бәрі өздері келсін" деп ойлайды. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен.

– Жаңа буын өкілдерімен коллаборация жасауға қалай қарайсыз?

– Мен әрдайым ашықпын. Қазір сіздерге эксклюзив ақпарат айтайын. 60 жасқа толуыма байланысты концерт өткіземін. Сол жерде өзімнің жоғары деңгейдегі әнші екенімді тағы бір дәлелдеймін. Содан кейін жастармен коллаборация жасап, елді тағы бір таңғалдырамын.

– Бір адамды өмір бойы сүйіп өтуге бола ма?

– Бұл – менің тағдырым. Айгүлмен алғаш танысқанда-ақ оның менің жарым болатынын сездім. Қазір одан қалған екі балам бар. Мен оған берген уәдемде тұрдым. Өмірден өтер алдында ол мұны сезді ме, білмеймін, балаларын маған аманаттағандай болды. Маған ұзақ қарап, күлімдеп тұрды. Мен ол күнді ешқашан ұмытпаймын.

– Қоғамның "үйлен" деген қысымына не деп жауап бересіз?

– Маған дәл осылай ақыл айтатындар өте көп. Басында ренжитінмін. Кейін үлкен апайларымызға: "Мен екі рет үйленіп, ажырасқан адаммын ғой", – деп қалжыңдайтын болдым. Мен Айгүлге берген уәдемді орындадым.

– Сүйген адамыңа мәңгі адал болу үшін не істеу керек?

– Екі жас бір-біріне сенуі керек. Сенім жоқ жерде махаббат та жоқ. Бұл – ақиқат. Біздің махаббатымыздың әлі күнге дейін жүрегімде сақталуының себебі де осы шығар.

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер.

 

 

Stan.kz
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 12:58