Ескі вагондарды алмастырған Stadler вагоны жолға шықты: Алғашқылары қай бағытта жүреді
Енді қазақстандықтар Stadler поезына билетті 5 қарашадан бастап сатып ала алады. Ал қараша айының ортасында Алматы, Астана, Семей бағыттары бойынша жүре бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Stadler жаңа вагондары бар пойыздарға билеттерді сату 5 қарашада басталады. Алғашқы пойыздар Астанадан Алматыға 11 қарашада, ал Семейге 13 қарашада жолға шығады.
Астана-Алматы бағытында No3/4 "Нұрлы жол – Алматы 2," ал елорда мен Семей арасында - No153/154 "Нұрлы жол – Семей" пойызы жүреді.
"Жаңа вагондардан жасақталған пойыздарды іске қосу мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге дейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алды. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Вагондар паркін жаңарту компания жұмысының негізгі бағыттарының бірі", — деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жаңа вагондар отандық Stadler Kazakhstan зауытында еліміздің климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып шығарылған. Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға шақталған.
Вагондарда ауа температурасын реттеу жүйесі, әр жолаушыға арналған жеке жарық шамдары, 220 В электр розеткалары, USB және USB-C қуаттау ұяшықтары, сондай-ақ бейнебақылау жүйесі қарастырылған. Бұдан бөлек ерекше қажеттілігі бар жолаушылардың жайлы сапар шегуіне арнайы жағдай жасалған. Сондай-ақ пойыз құрамында жолаушылар ыстық тамақ, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар сатып ала алатын буфет вагондары болады.
Пойыз кестесі
№3/4 "Нұрлы жол – Алматы 2" пойызы күн сайын жүреді:
- Астанадан 13:10-да, Алматыға келесі күні 08:30-да жетеді.
- Алматыдан сағат 12:12-де, Астанаға келесі күні сағат 07:03-те жетеді.
- №153/154 "Нұрлы жол-Семей" пойызы тақ күндері ғана жүреді:
- Астанадан 16:40-та, Семейге келесі күні 06:10-да жетеді.
- Семейден сағат 15:00-де, Астанаға келесі күні сағат 05:05-те жетеді.
Еске сала кетейік, 1 қазаннан бастап Қазақстанда жолаушылар пойыздарының билеттеріне 10% жеңілдік енгізілді. Жеңілдік жыл соңына дейін барлық вагон түрлеріне және қала маңындағы пойыздарға қолданылады.