Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға зейнетақы ақшасын басқарудың үш тәсілі ұсынылды

Қазақстанда зейнетақы жинағының 30%-ын жеке компанияларға беру жоспарланып отыр
Фото: magnific.com

Қазақстандықтар жеке басқарушы компанияларға берген зейнетақы жинағын енді үш түрлі инвестициялық стратегияның біріне орналастыра алады. Салымшы зейнетке шығуына қанша уақыт қалғанына және тәуекелге дайындығына қарай консервативті, қалыпты немесе тәуекелі жоғары портфельді таңдайды. Бұған дейін әр басқарушы барлық клиентінің ақшасын бір ортақ портфель арқылы инвестициялайтын. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 30 қазанда зейнетақы активтерін басқару ережелеріне өзгерістер енгізді. Енді инвестициялық портфельді басқарушылар әр салымшыға үш түрлі портфельге дейін ұсына алады.

 

Үш портфельдің айырмашылығы қандай?

Жаңа тәртіп бойынша инвестициялық стратегиялар тәуекел деңгейі мен зейнетке дейінгі уақытқа қарай бөлінеді.

  1. Консервативті портфель. Оны жасына қарамастан кез келген салымшы таңдай алады. Бұл стратегия негізінен облигацияларға бағытталған. Басқарушының нәтижесі әр жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.
  2. Қалыпты портфель. Зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалған салымшыларға қолжетімді. Мұнда акциялар мен облигациялар бірге пайдаланылады. Нәтижесі үш жылдық кезең бойынша бағаланады.
  3. Тәуекелі жоғары портфель. Зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған адамдар таңдай алады. Бұл стратегия негізінен акцияларға бағытталған. Сондықтан кірістілік әлеуеті жоғары болғанымен, инвестиция құнының құбылуы да күштірек болуы мүмкін. Басқарушының нәтижесі бес жылдық кезең бойынша бағаланады.

Яғни зейнетке шығуына әлі көп уақыт бар адам жинағының бір бөлігін тәуекелі жоғары стратегияға бағыттай алады. Ал зейнет жасы жақындаған сайын қаражаттың сақталуына басымдық беретін консервативті портфельді таңдауға мүмкіндік бар.

Басқарушы шығынды өтеуге міндетті ме?

Әр портфель үшін жеке нарықтық бағдар белгіленеді. Басқарушының нәтижесі Қазақстан және әлемдік нарықтағы акциялар мен облигациялардың жиынтық индексімен салыстырылады. Сонымен қатар әр стратегия үшін ең төменгі кірістілік шегі қарастырылған. Консервативті портфель үшін ол бағдарлық индекстің кірістілігінің кемінде 90%-ы, қалыпты портфель үшін 85%-ы, ал тәуекелі жоғары портфель үшін 80%-ы болуы керек.

Егер белгіленген кезеңнің қорытындысында портфель кірістілігі осы межеден төмен түссе, басқарушы айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Шетел валютасындағы инвестицияларға да шектеу қойылған. Консервативті портфельде олардың үлесі 40%-дан, қалыпты портфельде 70%-дан, ал тәуекелі жоғары портфельде 80%-дан аспауы керек.

Зейнетақы ақшасын бірнеше компанияға бөлуге бола ма?

Салымшылар жинағын бірнеше инвестициялық портфельді басқарушы арасында немесе бір компания ұсынған бірнеше портфельге бөліп орналастыра алады. Мысалы, қаражатының бір бөлігін консервативті, қалғанын қалыпты портфельге беруге болады. Бір басқарушының басқа портфеліне ауысу БЖЗҚ арқылы берілетін өтініш негізінде жылына бір реттен жиі емес жүзеге асырылады.

Егер салымшының жасы таңдаған портфельдің талаптарына сәйкес келмей қалса, БЖЗҚ жинақты сол басқарушының жасына сай келетін портфеліне аударады. Ал ондай портфель болмаса, салымшыға басқа басқарушыны таңдау немесе ақшасын Ұлттық банктің басқаруына қайтару мүмкіндігі беріледі. Маңыздысы, әр портфельдің қаражаты кастодиан-банктегі жеке шотта есепке алынады. Басқарушы әр портфельдің инвестициялық нәтижесіне бөлек жауап береді.

Жеке басқарушылардың қарамағында қанша ақша бар?

Қазір Қазақстанда зейнетақы активтерін алты компания басқарады. Олар – Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets, Halyk Finance, Centras Securities және Tansar Capital.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 205,8 миллиард теңгеге жеткен. Олардың қызметін 208 мыңнан астам салымшы пайдаланған.

Еске салсақ, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі жасалған. Бұған дейін бұл шек 50 пайыз болған. Жаңа қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің пікірінше, үш түрлі инвестициялық стратегияның енгізілуі салымшыларға таңдау мүмкіндігін беріп, жеке басқарушылар арасындағы бәсекені күшейтуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшы зейнетақы жинағын қайда қалдырған дұрыс екенін түсіндірді. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 10:22