Қазақстандық колледж студенттері жаппай теміреткі жұқтырған: Бұған дәрігер кінәлі деп танылды
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында колледж жатақханасында студенттер жаппай теміреткі жұқтырды. Содан кейін медицина қызметкеріне айыппұл салынды. Студенттер арасында ауру тарауына олардың уақытылы медициналық тексеруден өтпеуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 14 студенті бірден тері ауруына шалдыққан. Олар жатақхананың бір қабатында тұрған. Бір-бірімен жақсы араласқан студенттердің денесінде бір мезгілде қызыл дақтар пайда болған.
Оқиға қыркүйектің ортасында, студенттер жазғы демалыстан оралған соң болған. Осыдан соң жатақханада шұғыл дезинфекция жүріп, жағдайға қатысты тексеру басталған.
Тексеру барысында ауру үй жануарымен байланыста болған студент арқылы тарағаны анықталды. Ал инфекцияның өзге студенттерге тарауына ауылдан келген жастардың уақытылы медициналық тексеруден өтпеуі себеп болған.
Мамандардың айтуынша, теміреткі өте жұқпалы болғанымен, дәрігерге дер кезінде қаралса, оны емдеу қиын емес.
Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Анара Құрғынбаеваның айтуынша, медицина қызметкері студенттерді уақытылы тексермеген. Осы олқылығы үшін оған әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынған.
“Медициналық тексерулерді уақытылы жүргізбегені үшін колледж жатақханасының медицина қызметкеріне 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыдағы академик Е.А Бөкетов атындағы зерттеу университетінде туберкулез ауруы анықталғаны туралы жазған едік. Университетте бір сәтте үш студенттен туберкулез анықталған.
"59 миллион табыспен, 30 мың теңге төлеген": Қазақстанда әкелер алименттен қалай жалтарады және оларды қалай анықтауға болады
