Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жылдан бері ақшамызды бермей жүр": Төреғали Төреәлінің экс-продюсері Жанат Мұқановтың басы дауға қалды

Төреғали мен Жан Мұқанов
Фото: Instagram.com/ impresario.tv / toregalitoreali

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің бұрынғы продюсері Жанат Мұқановқа қатысты әлеуметтік желіде дау шықты. Әншінің “TORE SHOW” концерттік турына қатысқан мамандардың бірі бір жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүргенін айтып, продюсер мен оның командасын айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads желісінде raslmusic лақап атымен тіркелген қолданушы ауқымды концерттік жобада атқарған жұмысы үшін әлі күнге дейін ақы алмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, төлем мәселесіне Жанат Мұқанов пен оның қарамағындағы Асан және Үсен Оразалы жауапты болған.

“Жанат Мұқанов пен оның қарамағындағы Асан және Үсен Оразалы “TORE SHOW” атты ауқымды концерттік турда атқарған жұмысымыздың ақысын бір жылдан бері төлемей келеді. Меніңше, Қазақстандағы ықпалды продюсерлердің бірі өзгенің еңбегін мүлде бағаламайды. Өйткені өз командасындағы қызметкерлердің жұмысына қатысты мәселелерге қатысы жоқ адамдай кейіп танытады”, – деп жазды ол.

Жан Мұқанов жайлы жазба
Фото: Threads / Скриншот

Жазба авторының айтуынша, жауапты қызметкерлер бірнеше рет төлемнің кешігуіне продюсердің ақша бөлмеуі себеп болды деп түсіндірген.

Кейін еңбекақы мәселесін әнші Төреғали Төреәліге сілтеген.

“Оның қарамағындағы Асан мен Үсен бізге үнемі “Продюсер әлі еңбекақыларыңызға ақша бөлген жоқ” деп жауап беретін. Кейін бүкіл жауапкершілікті Төреғали Төреәліге ысыра салды. Ал әнші ешқандай шарт бойынша біздің жұмыс берушіміз де, бізге жауапты адам да емес”, – дейді ол.

Сонымен қатар маман еңбек қатынастарына байланысты құжаттардың уақытында рәсімделмегенін алға тартты. Айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін бір жыл өткенде ғана оған азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар жіберілген. Оның өзінде атқарылған жұмыстардың актілері болмаған.

“Бұл адамдар соттан да, қандай да бір даудан да қорықпайды. Ешбір өтінішімізге жауап бермейді. Жоба аяқталғаннан кейін бір жылдан соң ғана келісімшарт жіберуді ұйғарды. Оның өзінде атқарылған жұмыс актісі жоқ. Қазір Жанат Мұқановтың QStar компаниясының директоры Аслан сотқа дейін жолдаған талабымызды елемей отыр”, – деп мәлімдеді жазба авторы.

Оның сөзінше, Төреғали Төреәлінің концерттік туры шілдеден желтоқсанға дейін жалғасқан. Алайда бірнеше ай бойы жұмыс істеген мамандардың еңбегі әлі күнге дейін төленбеген.

“Бұл Төреғали Төреәлінің концерттік туры еді. Ақырында бар еңбегіміз үшін басшылық тарапынан елеусіз қалдық. Бұл – ешқандай жауапкершіліксіз адам еңбегін қанау! Бұрын осы адамдармен жұмыс істегендерге мұндай жағдай таныс болуы мүмкін. Өйткені менен бұрын қызмет еткен әріптестерім де талай нәрсе айтты”, – деп жазды ол.

Желі қолданушысы келер уақытта Жанат Мұқанов пен оның командасымен жұмыс істеуге ниетті адамдарды мұқият ойлануға шақырды. Сондай-ақ еңбекақысын заңды жолмен өндіріп алуға көмектесе алатын мамандардан қолдау сұрады.

“Өнер адамдары, блогерлер және Жанат Мұқановтың барлық серіктесі осы жағдайға назар аударса екен деймін. Адамдар мұндай мәселелерді ашық айтуға үйренбеген. Ал үнсіздік кейбіреулерге тиімді. Егер осындай жағдайға тап болғандар болса, пікірге жазыңыздар”, – деп түйіндеді ол.

Жан Мұқанов жайлы жазба
Фото: Threads / Скриншот

 

Stan.kz жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін Жанат Мұқановтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында көрсетілген телефон нөміріне хабарлама жолдады. Алайда жауап келген жоқ.

Сонымен қатар редакция еңбек құқықтарының бұзылуы мүмкін деген мәселеге қатысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне ресми сауал жолдады.

Еске салайық, бұған дейін Жан Мұқановтың продюсерлік компаниясы әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік іс-шараларын тоқтататыны хабарланған еді.

Айта кетейік, Төреғали Төреәлі мен продюсер Жан Мұқанов арасындағы ынтымақтастық 2015 жылы басталды. Жылдар өткен соң олар бірге жұмыс істей бастады, ал 2025 жылы олар қайтадан келісімшартқа отырды. Былтыр 5 шілдеде продюсер "жаңа мүмкіндік бергенін" атап өтті.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 20:05