Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миллиондаған теңгенің кастингі: Жан Байжанбаев жарнамалаған киностудия алаяқтық жасады деп айыпталды

Фото: instagram.com/zhan_baizhanbayev

Белгілі қазақстандық актер Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды. Өнер иесі жарнамалаған продюсерлік орталықтың шамамен 40 қызметкері 2,5 айдан бері жалақысын ала алмай отыр. Бұған қоса, балалары танымал актер болсын деп 1,5 миллион теңгеден төлеген ата-аналар да шу шығарды. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталықтағы жалақы дауы жайлы компанияның экс-қызметкері Treads желісінде жариялады. Олардың айтуынша, Jan production компаниясы жалақыны 7 наурызға дейін беруге уәде еткен. Алайда әлі күнге дейін төленбеген.

Ол бұл сөздеріне дәлел ретінде кепілдік хатты жариялаған. Онда компания басшысы Ержан Едгебаев жалақыны 2026 жылғы 7 наурыздан кешіктірмей төлеуге міндеттенетіні, сондай-ақ жалақы бойынша қарыз бар екенін растайтыны көрсетілген.

“Бүгін 15 наурыз. Ал қызметкерлері әлі де жалақысын алмады. Екі айдан астам уақыт өтті, бірақ қызметкерлер адал еңбегімен тапқан ақшасын ала алмай жүр. Бізге мөрі басылған кепілдік хат берілді, онда жалақы бойынша қарыз 7 наурыздан кешіктірілмей төленетіні көрсетілген. Алайда бүгін 15 наурыз, бірақ ақша әлі де төленген жоқ”, – деп жазды ол.

Енді компания басшылары көлік, үй және басқа да мүліктерін сатып жатқанын айтып, тағы біршама уақыт күте тұруын сұраған. Бірақ нақты мерзімі айтылмаған, бұған қоса, олар хабарлама мен қоңырауларға мүлдем жауап бермейді.

Жалақының кешіккенінен шамамен 30-40 адам зардап шеккен.

“Көптеген қызметкерді еш ескертусіз, өзге шешім қалдырмастан жұмыстан шығарып жіберген. Көп адамның несиелері, отбасылары және түрлі міндеттемелері бар. Бірақ қызметкерлер әлдеқашан еңбегімен тапқан жалақыларын әлі күнге дейін ала алмай отыр”, – деп жазды ол.

Қызметкерлердің сөзінше, олар полицияға арыз түсірген, мәселеге ата-аналар да араласқан.

“Біз ешқандай артық нәрсе талап етіп отырған жоқпыз. Біз тек өзіміздің адал еңбегімізбен тапқан ақшамызды алғымыз келеді”, – деп жазды ол.

Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды

Орталықтағы былық жайлы тек қызметкерлер емес, балалардың ата-аналары да дабыл қақты. 

14 жастағы қыздың анасы Юлия Мазепинаның айтуынша, қызы бала кезінен актриса болуды армандаған. Жарты жыл бұрын олар әлеуметтік желіден танымал актерлер балаларды кастингке шақырған жарнаманы көрген.

“Сіздің балаңыз бірегей жобада менімен бірге киноға түсу мүмкіндігіне ие. Біз 7-ден 17 жасқа дейінгі балаларды іздейміз. Тәжірибе қажет емес, бәрін өзіміз үйретеміз”, – делінген жарнамада.

Юлияның сөзінше, кастингке олармен бірге шамамен 50 бала қатысып, іріктеуден өткен. Ата-аналарға орталыққа 1,5 миллион теңге төлеген, ал Юлия Мазепинаның өзі қызының арманы үшін отбасы несие алған. Олардың келісімшартында Жанна Қуанышева көрсетілген. Қысқаметражды фильм – 25–40 минут. Алдымег түсірілім 1 наурызға шегерілген, кейін мерекеден кейінге қалдырылған. Ақыр соңы “ештеңе болмайды” деп жазып жіберіпті.

Ата-аналардың айтуынша, киностудия өткен жазда ашылып, Қазақстан бойынша кастингтер өткізген. Қазір қатысушылар 4 мыңнан астам адам бар ортақ чат құрған. Олардың есебі бойынша жалпы шығын 6 миллиард теңгеден асады.

Қазір компания кеңсесі жабық. 

Актерлер не дейді?

Актерлер өздерінің компания мәселесіне қатысы жоқ екенін алға тартып, тек ақылы түрде шақырылатын орындаушылар екенін мәлімдеді. Көп ата-ана студияны құрды деп санайтын актер Жан Байжанбаев компания атауы оның атымен аталғанымен, негізін қалаушы басқа адам екенін айтты.

“Мен компанияның иесі де, серіктесі де емеспін. Мен осы компанияда түсетін актермін. Басқалар сияқты. Компания менің құрметіме аталған. Ержанға рақмет. Ол менің шығармашылығымды жақсы көреді. Егер қарыз болып қалған жобаларда тегін түссеңіз деді, мен келістім. Сәуірде түсірілімдер болады деп ойлаймын”, – деп жауап берді Жан Байжанбаев.

Ал компания не дейді?

Stan.kz жағдай бойынша түсініктеме алу үшін компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында көрсетілген нөмірге байланысқа шықты. 

Компания мәліметінше, “Jan Production” ЖК-де уақытша қаржылық қиындықтар туындауына байланысты жоба аясындағы кейбір жұмыстар уақытша тоқтатылған. Жағдай тұрақталғанға дейін барлық сабақ тоқтатылып, жаңасы өткізілмейді. 

Сонымен қатар жағдайды реттеу жолдары қарастырылып жатқаны хабарланды.

“Компания клиенттер алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды. Қазір жағдайды реттеу жолдары қарастырылып жатыр: қаражатты ішінара қайтару немесе компания қызметі тұрақталғаннан кейін жобаны аяқтау. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кәсіпкерді оңалту (реабилитация) рәсімін қолдану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр”, – делінген хабарламада.

Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды


Белгілі актер Жан Байжанбаев мемлекеттік наградамен марапатталды

"Әлеуметтік желіде бір-бірімізді оқымаймыз": Актер Жан Байжанбаев алғаш рет жұбайын көрсетті


Ата-аналар полицияға арыз берген. Қазір “Алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Қазір барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қызметкерлер мен басшылықтан жауап алынып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, тағы шамамен 100 адам Бостандық аудандық полиция басқармасына арыз жазуға ниетті”, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек

Егер компанияның кінәсі дәлелденсе, басшысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал жарнамаға қатысқан актерлерге ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.

Бұл продюсерлік орталық Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында сериалдарға түсіру үшін кастингтер өткізген. Олардың арасында “Рэкетир” фильмінде кәсіпкер рөлін сомдап, қазақстандықтар арасында кең танымал болған Жан Байжанбаев қатысқан жобалар да бар.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясы 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтқаны хабарланған еді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 15:26