Ақтөбеде жанармай бекетінің қызметкері өртенген көлікке 23 миллион теңгеден астам өтемақы төлейді
Ақтөбеде жанармай құю бекетінің қызметкері өртеніп кеткен көлік үшін 23 миллион теңгеден астам өтемақы төлейтін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға былтыр жазда Ақтөбе қаласындағы газ құю бекеттерінің бірінде болған. Әйел Hyundai Santa Fe көлігімен бекетке келген. Көліктің жүксалғышында көлемі 27 литр болатын тұрмыстық газ баллоны болған.
Қазақстан заңнамасы бойынша газ баллондарын автогаз құю станцияларында толтыруға қатаң тыйым салынған. Алайда жас оператор бұл талапты елемей, әйелге қызмет көрсетуді ұйғарған. Ол басшылықтан заңбұзушылықты жасырып, баллонды көліктің жүксалғышынан шығармай-ақ, сол жерде газ толтыра бастаған.
Алайда жағдай қайғылы аяқталған. Құю пистолетін ажырату кезінде механикалық ұшқыннан газ бен ауа қоспасы тұтанып, өрт шыққан. Салдарынан шетелдік көлік толығымен жанып кеткен.

Сот Рустам Келбетовті ҚР Қылмыстық кодексінің "Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" бабы бойынша кінәлі деп таныды.
"Сот операторды бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Алайда рақымшылық жасау туралы заңның қолданылуына байланысты ол негізгі жазадан толық босатылды. Автокөлік иесінің 23,5 миллион теңгеден астам шығынды өндіру туралы азаматтық талабы толығымен қанағаттандырылды. Сондай-ақ сотталған азаматтан іс жүргізу шығындары, мемлекеттік баж және жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына аударылатын төлем өндірілді", – делінген ақпаратта.
Облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сондай-ақ сот осындай өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығына қатысты жеке қаулы шығарды.
Сотталушы Рустам Келбетов соңғы сөзінде тек өзін ғана емес, "T-Gaz" автогаз құю станциясының иесін де жауапқа тартуды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеуге ақшасы жоқ екенін айтқан.
Еске салсақ, үстіне бензин төгіліп кеткен қостанайлық әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алғанын жазғанбыз.
Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, аударымдар жасаған: Енді оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін