Щучинсктегі дәмхана жарылысы: Жанармай құю бекетінің иесі газ баллондарын толтыруға тыйым салған
Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасының жарылысына қатысты тың деректер айтылды. Баллондар толтырылған жанармай құю станциясының иесі бір жыл бұрын автокөліктердің газ бактарынан басқа ешқандай ыдысқа газ құюға тыйым салғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиғаға дәмханада ас әзірлеуге пайдаланылған газ баллондарын пайдалану ережелерінің бұзылуы себеп болған. Белгілі болғандай, бұл баллондар жергілікті газ құю бекетінде толтырылған. Сотталушылар қатарында сол бекеттің иесі де бар.
Кәсіпкер тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салынғанын білгенін және қызметкерлеріне мұндай баллондарға газ құюға қатаң тыйым салғанын айтты. Оның болжамынша, қызметкерлері бұл талапты орындамаған.
“2025 жылдан бастап модульдер тек автогаз құюға қызмет көрсетуі керек деген нұсқау бердім. Тек автокөліктерге ғана газ құюға рұқсат етілді. Мен тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салдым. Кассирлерге "Газ баллондарын толтыруға болмайды" деген ескерту тақтайшасын ілуді тапсырдым. Ол жанармай құю бағандарының жанындағы тірекке жапсырылған еді”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланған еді.
"Шәй құйып, сәлем салады, келіндік қызмет атқарады": Индонезиялық келін алған отбасы екі елдің тойы мен ерекше дәстүрлерін көрсетті