Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучинск дәмханасындағы жарылыс: Сарапшылар адвокаттардың сұрақтарына жауап бере алмады

Щучинск өрт сарапшы
Фото: Видеодан скрин

Щучинск қаласында 12 адамның өмірін қиған “Центр плова” дәмханасындағы жарылысқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Сотта сарапшылардың сөзі тыңдалды. Алайда олар адвокаттар мен айыптаушының қосымша сұрақтарына жауап бере алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық газ мекемесінің инженер маманы кафе ішінен шығарылған газ балондардан газды құйып алып, салмағын нақтылағанын айтты. Екеуі нормадан асып кеткен. Яғни, толтырып жіберген. Бірақ газдың нақты түрін анықтамаған. Толтырылған газ қайғылы оқиғаға дейін сол жерде болған. Сол күні 200 градустан жоғары қатты жарылыс болса да, ол газдар жарылмаған. Ал жарылыстың себебі – салқыннан ыстық жерге кіргізілген баллон. Сарапшылардың пікірінше, радиатор, яғни батарея жанында алты сағат тұрғаннан кейін жарылған.

Көкшетау қаласы “Облгаз” Серіктестігінің инженер маманы Владислав Косс газ деңгейі әдеттегіден төмен болды деп топшылайтынын айтты.

Ал сарапшылар “мүмкін солай шығар” деген жауаппен құтылды.

Төтенше жағдай департаментінен келген маман да газ баллоны шамадан тыс толтырылғандықтан жарылуы мүмкін деп топшылады. Ал мемлекеттік стандарт талабы бойынша газ баллонды 45 градустан жоғары жерде сақтауға болмайды. Сол күні жылу беру желісіндегі температура 55 градусты көрсетіпті. Бірақ кафедегі батареяның температурасын ешкім өлшеп, анықтамаған. Кейбір куәгер тіпті оның істемей тұрғанын айтқан. Астаналық сарапшы да жарылыс себебі баллонның ыстық жерге келуінен деп отыр. Бірақ облыстық газ мекемесінің маманы газ баллондары көбіне суық жерде сақталатынын айтты.

“Мен сіздің айтқаныңызды мұқият тыңдап отырмын. Сіз көбінесе "мүмкін" және "солай шығар" деген сөзді қолданасыз. Осы себепті, егер нақты айта алмасаңыз немесе білмесеңіз, онда солай деп айтыңыз”, – деді адвокат Қайырлы Әбдірахманов.

Ал үйқамақта отырған газ тасымалдаушы Виктор Домбровскийдің қызы әкесіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Жай ғана газ баллонын жеткізуге рұқсаты бар адамды не үшін кінәлайтынын сұрайды.

“Мен әкеме тағылған айыппен келіспеймін, себебі оған жанармай құю станцияларының қызметкерлері мен операторлары сияқты міндет пен айып тағып отыр. Ол тек жеткізуші болды, жанармай құюға, сақтауға, баллондарды толтыруға немесе өлшеуге жауапты емес. Бұл оның міндеті емес. Біз әділдікті қалаймыз”, – дейді Виктор Домбровскийдің қызы Кристина Прокурат.

Сот отырысында тағы бір дерек анық болды. Жарылыс болған күні газ баллоны тасымалданған газ құю станциясының қызметкерлері баллон толтыратын шлангыны алып тастаған көрінеді. Бұл сол жердегі бейнежазбадан белгілі болған.

Айта кетейік, "Шерол" Серіктестігі тұрмыстық баллонды заңсыз тасымалдаған. Қазір мекеме жабық тұр.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланған едіі.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 09:44