Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучинск дәмханасындағы жарылыс: 12 адамның өлімі бойынша айыпталғандар кінәсін мойындаудан бас тартты

Щучинск дәмханасындағы жарылыс
Фото: Видеодан скрин

Щучинск қаласында 12 адамның өмірін қиған “Центр плова” дәмханасындағы жарылысқа қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылар: дәмхана иесі, газ құю бекетінің директоры және газ баллондарын жеткізуші сот алдында жауап беріп жатыр. Алғашқы сот отырысында олар жәбірленушілерден кешірім сұрағанымен, өз кінәсін мойындамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиғаға ас үйдің жанындағы дәлізде тұрған ақаулы газ баллонынан газдың шығуы себеп болған. Соның салдарынан газ-ауа қоспасы жиналып, кейін жарылыс болған.

Оқиға бойынша тергеу төрт айға жуық уақытқа созылды. Үш айыпталушының барлығына тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айып тағылды.

Сот отырысы барысында айыпталушылар қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендерден кешірім сұрағанымен, өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Сондай-ақ олар өздерін видеоға түсірмеуді сұрады.

Зардап шеккендердің бірі Сайлау Рахимжанов жарылыс сәтін толық есіне түсіре алмайтынын айтты.

“Көзім мен бетімді жауып үлгергенім ғана есімде. Қазір жағдайым біршама жақсарды, қолымның жарақаты жазылып келеді. Сот әділ шешім шығарады деп үміттенемін”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 08:50