Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 2033 жылға дейін табиғатқа кемінде 10 жолбарыс жіберуді жоспарлап отыр

амур жолбарысы
Фото: nature.kremlin.ru

Қазақстанда жойылып кеткен тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2033 жылға дейін ел аумағындағы табиғи ортаға кемінде 10 жолбарыс жіберу жоспарланған. Ал болашақта олардың санын 50 басқа жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда тұран жолбарыстарының санын шамамен 50 басқа жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайтару бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде жыртқыштар табиғи ортаға жіберілсе, келесі міндет – олардың өздігінен көбеюіне жағдай жасау.

"Біздің жоспарымыз бойынша 2033 жылға дейін табиғатқа шамамен 10 немесе одан да көп жолбарыс жіберіледі. Алайда мұндай көрсеткіш бағдарламаның нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін. Жолбарыстар адамның араласуынсыз табиғи ортада өздігінен көбейе алуы үшін олардың саны шамамен 50 басқа жетуі керек. Біз осы мақсатқа ұмтылып отырмыз", – деді Әлібек Қуантыров.

Министр Қазақстан Ресейдегі серіктестерімен бірлескен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Қазір елімізде шетелдік хайуанаттар бағынан әкелінген жолбарыстар арнайы қоршауларда ұсталып отыр.

"Бізде бұрын хайуанаттар бағынан әкелінген жануарлар бар. Оларды табиғатқа жібермейміз. Бұл жолбарыстар Қазақстанда жаңа ұрпақ алу үшін қажет. Кейін олардың төлдерін табиғи ортаға жіберуге дайындаймыз", – деп түсіндірді министр.

Еске салайық, 2026 жылғы 31 қазанда Қазақстанның табиғи ортасына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол елдегі реинтродукция бағдарламасы аясында табиғатқа қайта жіберілген екінші жолбарыс атанды.

Алғашқы болып 31 шілдеде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында Үміт есімді аналық жолбарыс еркіндікке жіберілген еді. 2027 жылдың көктемінде тағы екі жолбарыс бөлтірігін табиғатқа жіберу жоспарланып отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 16:27