"Салт-дәстүрден аттамадық": Дариға Бадықованың анасы күйеу баласы Олжас Абайға төс тартты
Жақында шаңырақ көтерген танымал актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абайды актрисаның анасы есік көрсетуге шақырды. Ол қазақтың салт-дәстүріне сай күйеу баласына төс тартып, құрмет көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иелері Instagram парақшасында анасының шаңырағында өткен отбасылық басқосудан видео бөлісті. Кадрлардан олардың ақ дастархан басында бас қосып, әзілдесіп отырған сәттері көрсетілген.
“Қазақта күйеу балаға төс ұсыну деген әдемі дәстүр бар. Бұл – ананың күйеу баласына деген құрметі мен сыйластығының белгісі. Сондықтан салт-дәстүрден аттамай, бүгін анамыз Олжасқа төс ұсынды”, – деп жазды олар.
Бейнежазбада Дариға Бадықованың қолына сәби алып отырғаны да байқалады. Бұл көрініс желі қолданушыларының қызығушылығын тудырып, түрлі болжамға себеп болды.

Желіде ерлі-зайыптыға ақ тілегін арнап, сәбилі болуын тілегендер де, олардың жеке өміріне қатысты сын айтқандар да табылды.
“Батыста төске ақша тастайды”, “Дариғаның баласы ма?”, “Дариға да балалы болса екен”, “Түк болмағандай төс жеп отыр”, “Бала-шағасын тастап, мәз болып отыр”, – деп жазды оқырмандар.
Еске салайық, биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.