Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жолы кино емес": Олжас Абай актриса Дариға Бадықоваға сырға салды

Дариға Бадықова / Олжас Абай
Фото: Instagram.com/ochooou_o/

Танымал актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. Өнер иелері де Instagram парақшаларында бірге түскен суреттерін жариялап, көпшіліктен бақыт тілеуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Демалыс күндері әлеуметтік желіде Олжас Абай мен Дариға Бадықованың құдалық рәсімінен түсірілген бейнежазбалар қызу талқыланды. Видео авторларының айтуынша, өнер иелері шаңырақ көтерген.

Желіде тараған кадрлардан Олжас Абайдың анасы Жұмагүлдің Дариға Бадықоваға сырға тағып, ақ батасын бергенін көруге болады. Қуанышты сәтке қос өнер иесінің жақындары мен достары жиналған.

Көп ұзамай Олжас Абай да Instagram парақшасында салтанатты жиыннан түсірілген видеоны жариялап, жазылушыларына жаңалығын жеткізді.

“Бұл жолы кино емес…”, – деп жазды актер.

Дариға Бадықова да Олжас Абаймен бірге түскен суреттерін бөлісіп, жеке өміріне қатысты пікір білдірді. Актриса әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін айтып, көпшілікті өзгенің өміріне төрелік етпеуге шақырды.

“Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды. Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған”, – деп жазды актриса.

Сондай-ақ өнер иесі ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес екенін айтып, оқырмандарынан тек ақ тілек күтетінін жеткізді.

“Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз. Тек бақыт тілеңіздер! Өйткені ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат”, – деді Дариға Бадықова.

Жұлдызды жұптың жарияланымдары желі қолданушыларының назарын аударды. Көпшілік қос өнер иесін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

“Олар шынымен үйленді ме? Бақытты болыңдар!”, “Жарасымды жұп”, “Дариға оның жанында ерекше құлпырып тұр”, “Әр адам бақытты болуға лайық”, – деп жазды желі қолданушылары.

Еске салайық, былтыр қазанда Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ажырасу себептері туралы айтып, қоғамды дүр сілкіндірген еді.

Сондай-ақ Дархан Мұсаев жұбайымен арасы суыған сәтті еске алып, Дариға мен Олжас Абаевтың арасында іскерліктен бөлек сезімнің барын әу бастан сезгенін айтқан еді.

Кейінірек Олжас Абай қызу талқыға түскен Дариға Бадықованың отбасына қатысты даулы оқиғадан кейін жазба жариялады.

Кейінірек Дариға Бадықованың экс-күйеуі актрисадан видеоүндеу жасауын талап еткені хабарланды.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 11:00