Қазақстанда әйелдер ерлерден сағатына 679 теңгеге аз табады: Айырмашылық жас ұлғайған сайын артады
Қазақстанда ерлер сағатына орта есеппен 2 859 теңге табыс тапса, әйелдердің орташа сағаттық жалақысы 2 180 теңге болған. Айырмашылық – 679 теңге немесе 23,7%. Егер бес күндік жұмыс аптасымен есептесек, бір айда әйелдердің табысы ерлердікінен шамамен 120 мың теңгеге аз болады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жалақының кәсіптер бойынша бөлінуіне арналған зерттеуінде келтірді. Есептеу 2026 жылғы сәуірдегі жалақы көрсеткіштеріне негізделген. Сәуірде 22 жұмыс күні немесе 176 жұмыс сағаты болған. Осы уақыт аралығында ерлер мен әйелдердің орташа табыс айырмасы шамамен 119,5 мың теңгені құрайды. Бұл медбикенің орташа айлық жалақысының жартысына жуық. Зерттеу бойынша медбикелер айына орта есеппен 265 мың теңге алады.
Жалақы айырмасы қай жаста ұлғаяды?
Ерлер мен әйелдердің табыс айырмасы еңбек жолының басында салыстырмалы түрде аз.
- 16–24 жастағы ерлер сағатына орта есеппен 1 902 теңге алса, әйелдер 1 594 теңге табады. Айырмашылық – 16%.
- Ал 25–34 жас аралығында бұл көрсеткіш 23%-ға, 35–44 жаста 28%-ға дейін өседі. Ерлердің сағаттық жалақысы 35–44 жас аралығында ең жоғары деңгейге – 3 228 теңгеге жетеді. Әйелдердің табысы да артқанымен, өсу қарқыны баяулайды.
- 45–54 жастағы топта айырмашылық 27% шамасында сақталады. Ал 55–64 жаста 17,5%-ға дейін төмендеп, 65 жастан асқан қызметкерлер арасында 5%-дан аз болады.
Алайда соңғы жас топтарында алшақтықтың қысқаруы әйелдердің табысы күрт өскенін білдірмейді. Зерттеуде ерлердің орташа жалақысы 45 жастан кейін төмендей бастайтыны көрсетілген.
25–35 жас аралығында әйелдер мен ерлер табысының айырмасы айтарлықтай ұлғаяды. Бұл кезең көп жағдайда отбасын құру, бала туу және декреттік демалыспен тұспа-тұс келеді. Дегенмен Ұлттық статистика бюросы жалақы айырмасының нақты себептерін көрсетпеген.
Ең үлкен айырмашылық қай салада?
Ерлер мен әйелдердің табысындағы алшақтық жалақысы жоғары салаларда айқынырақ байқалады. Мысалы, қаржы және сақтандыру саласында ерлер сағатына орта есеппен 6 800 теңге алса, әйелдердің көрсеткіші 5 145 теңге болған. Ал осы саладағы 45–54 жастағы ерлердің сағаттық табысы 9 320 теңгеге жетеді. Бұл зерттеудегі барлық сала мен жас топтарының арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жастағы әйелдер сағатына 7 445 теңге алады.
Қонақүй және мейрамхана бизнесінде де жас ұлғайған сайын айырмашылық артады. 35 жасқа дейін әйелдердің табысы ерлердікінен сәл жоғары болғанымен, 45–54 жас аралығында олар ерлерден 47%-ға аз жалақы алады.
Ал білім беру саласында әйелдердің орташа сағаттық жалақысы ерлердікінен сәл жоғары. Дегенмен бұл саладағы орташа көрсеткіш – сағатына 1 875 теңге. Ауыл шаруашылығында ерлер мен әйелдердің табыс айырмасы 1%-дан аз.
Басшылық қызметтерде де айырмашылық бар
Жалақы айырмасы кәсіби деңгей мен лауазымдарға қарай да байқалады. Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер арасында ерлер сағатына орта есеппен 4 973 теңге, әйелдер 3 751 теңге алады. Кәсіби мамандар арасында айырмашылық 27%, ал біліктілігі жоқ жұмысшылар арасында 15% болған.
Жекелеген лауазымдарды салыстырғанда да алшақтық бар. Мысалы, ер адам ұйым басшысы ретінде айына орта есеппен 1,21 миллион теңге алса, әйел басшының жалақысы 975 мың теңгені құрайды. Мамандандырылған бөлімшелер басшылары арасында бұл көрсеткіш тиісінше 806 мың және 582 мың теңге.
Дегенмен барлық мамандықта ерлердің табысы жоғары емес. Мәселен, әйел заң кеңесшілері ер әріптестерінен 17%-ға көп жалақы алады.
Айта кетейік, бұған дейін еңбек министрлігі сынақ мерзімінде қызметкердің жалақысын азайтуға бола ма деген сұраққа жауап берді.
"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді
